Президенттік шыршаға Ақтөбе облысынан 200 бала шақырылды
Ақтөбеде «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл» атты ҚР Президенті атынан дәстүрлі жаңажылдық шара өтті. Оған Ақтөбе қаласы мен 12 ауданнан 200 бала қатысты.
Шыршаға 9-13 жас аралығындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған және ерекше білім алуға қажеттілігі бар балалар, сондай-ақ, оқу озаттары мен дарынды оқушылар шақырылды.
Айтып өту керек, балалардың Ақтөбе қаласына қауіпсіз жеткізілуі қамтамасыз етілген. Барлық қатысушы облыстық мамандандырылған физика-математикалық лицей интернатына орналастырылды.
Биылғы президенттік шырша «Жекпе-жек» спорт кешенінде өтті. Балалар үшін өңірдегі өнер ұжымдары, қазақ ертегілері мен танымал мультфильмдердің кейіпкерлері мерекелік бағдарлама дайындаған. Шырша жанына жиналған балалар Ұлу жылын қуанышпен қарсы алып, Аяз ата мен Ақшақардың қызықты сұрақтарына жауап беріп, сыйлыққа тәттілерін алды.
Салтанатты шараға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров балаларды мерекемен құттықтады.
«Жаңа жыл әрбір бала жүрегіне ғажайып көңіл-күй мен зор үміт әкелетін айырықша сәт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау аманатын сіздерге жеткіземін. Ақтөбе өңірінде балалардың толыққанды жетілуі мен өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Нәтижесінде Ақтөбе облысының оқушылары әр сала бойынша өтетін халықаралық, республикалық жарыстарда жоғары көрсеткіштерге ие. Оң нәтижелер жаңа 2024 жылы лайықты жалғасын тапсын», – деді әкім.
Асхат Шахаров Президент атынан энциклопедия және тәттілер таратып, әр балаға қомақты сыйлық үлестірді.
Мерекелік кеш соңында балалар облыс әкімімен бірге естелік суретке түсті.
Ақтөбе газетінің сайтынан алынды.