Полицей болу — бала күнгі арманы
Елімізде жыл сайын 23 маусым Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі. 1992 жылдың 23 маусымында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. Бұл — Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 маусым Полиция күні болып ресми түрде бекітілді.
Әр адамның көкейінде болашақта қандай мамандық иесі болсам деген арман балалық шағында қалыптасатындығы белгілі. Бүгінгі кейіпкеріміз де қазіргі жасап жүрген қызметін бала күннен армандап, осы жүрек қалауындағы мамандығын таңдап, бүгінде абыройлы еңбек етіп келеді.
Ұлан Нұғыманов 1989 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданына қарасты Тәуіп ауылында дүниеге келген. 1995-2004 жылдары аталмыш елді мекендегі Құйылыс орта мектебінің 9 сыныбын тәмамдап, Батыс Қазақстан гуманитарлық заң колледжіне оқуға түседі. Оқу орнын 2007 жылы аяқтап, 2008-2009 жылдар аралығында Астана қаласындағы 66/36 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді.
Әскерден келген жас сарбаз алғашқы еңбек жолын 2010 жылы біздің өңіріміздегі аудандық полиция бөлімінен бастайды. 2010-2013 жылдары патрульдік-бекеттік қызметін атқара жүріп, Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің «Құқықтану» мамандығына түсіп, жоғары білім алып шығады.
Одан соң 2013-2017 жылдары жол-патрульдік полициясы қызметін атқарады. Кейін 2017-2022 жылдары Степной ауылдық округінде, 2022 жылдан күні бүгінге дейін Әлімбет ауылында учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс жасап келеді.
Расында, қай жерде болмасын қоғам тыныштығын сақтап, сақшы болып қызмет ету үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Оның ішінде елдің тыныштығын қамтамасыз етіп, тәртіпті қадағалаудағы учаскелік полиция инспекторларының жүктемесі көп, міндеті ауыр. Осындай жауапкершілігі жоғары, қауіп-қатері мол қызметті арқалап жүргендердің бірі — Ұлан Абайұлы. Жоғарыда атап өткеніміздей қауіпті жұмысты қайыспай атқарып, сақшы болу Ұланның бала күнгі арманы еді. Осы орайда бұл мамандықты таңдауына ата-анасының әсері болды ма деген сауалмен пікірін білген едік.
-Мамандық таңдауыма ата-анам себепші болды деп нақты айта алмаймын. Өйткені, әулетімде бұл салада қызмет жасайтын адам жоқ. Ата-анам ұстаздық жолында еңбек еткен жандар. Отбасымда 3 баламыз. Мен үйдің кенжесімін. Жалпы бұл сала маған бала күнімнен қызығушылық тудыратын. Сол өзімнің қалауыммен осы мамандықты таңдап, білім алдым. Нәтижесінде мамандығым бойынша еңбек етіп келемін. Әрине, оңай жұмыс деп айта алмаймын. Өйткені, таңдаған қызметім қоғамда үлкен жауапкершілік пен қырағылықты талап етеді. Ендігі мақсатым осы қызметімді еңбек демалысыма дейін абыроймен атқару,-дейді кейіпкеріміз.
Ауыл тыныштығын күзету үшін уақытпен санаспай еңбек етіп жүрген учаскелік полиция инспекторының қызметі жайында халық та жақсы пікірде. Өйткені, халықпен тіл табысу — учаскелік полиция инспекторы үшін ең басты талап. Ұланның да жұмыс барысындағы басты ұстанымы әркез заңға бағыну. Қандай жағдай да ең алдымен қарапайым халықтың тыныштығын бірінші орынға қояды. Сондықтан да, ол өз қызметіне деген халықтың сенімі полиция жұмысының басты көрсеткіші екенін айтады.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтпақшы, олардың күнделікті міндеті ел тыныштығын күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу екені рас. Сондай-ақ, оларда күнделікті режим деген жоқ. Өйткені, тәулік бойы халықтан түскен арыз-шағымдар бойынша анықтау жұмыстарын жүргізеді, кейін полиция пунктіне келіп, шағымдармен келген азаматтарды қабылдайды әрі мәселелерін шешуге жәрдемдеседі. Одан қалды күнделікті отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы жағдайлар, түнгі уақыттағы тұрғындардың тыныштығын бұзу, ұсақ бұзақылық және ауыр қылмыстар, т.б. өзге де фактілер бойынша түсетін шағымдармен жұмыс жасайды. Ал, сенбі-жексенбі немесе мейрам күндері полицейлердің жұмысы күшеймесе, азаймайды.
Осы орайда біз де қызмет барысындағы есте қалған ең маңызды сәтін сұраған едік. Ол түрлі жағдайлардың орын алып тұратынын айта келе, ең есте қаларлығы тәжірибе барысында бетпе бет келген оқиғалар деп ойлайды. Алғашқы жұмыс бастаған сәттерінде ауыр қылмысты дер кезінде ашып, қылмыскердің өзіне лайықты жаза алуына себепкер болған. Бұл әрине нәтижелі жұмыстың арқасы. Расында, ең алғашқы тәжірибе барысындағы оқиғалар мәңгі есте қалары сөзсіз.
Ұлан қызметте жауапты да тәжірибелі сақшы болса, отбасында балалары мен жұбайының қорғаны. Жары екеуі бүгінде 2 ұл мен 1 қызды тәрбиелеп отыр.
«Адам тек адал еңбегімен ғана ел құрметіне бөлене алады»,- демекші, Ұланның да еткен еңбегіне қарай бағындырған жетістіктері аз емес. Ол бірнеше рет аудан әкімінің, Ақтөбе облысы департаменті басшылығының алғыс хаттарымен марапатталған.
Сақшылық қызмет әдемі форма киіп көзге жылы көрінгенімен, жүгі ауыр сала. Сауысқандай сақ, қырандай қырағылық танытатын бұл салада қызмет ету үшін кәсіби біліктілікпен қоса, адамның бойында төзімділік, сабырлылық қасиеттер болу қажет. Оған қоса, қажыр-қайрат пен ерлік те адамның бойынан табылуы тиіс. Кейіпкеріміз де бұл салаға қызығушылық танытатын жастарымызға өз елінің патриоты бола отырып, адал еңбек етуге шақырады. Өйткені, адал еңбек қана адамды мақсатқа жетелейді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА