Өткенге  – есеп, болашаққа – жоспар

Жылдағы үрдіске сай өткен аптаның сәрсенбісінде аудандық аурухананың мәжіліс залында 2023 жылы денсаулық саласында атқарылған жұмыстармен биылғы  міндеттер жайында отырыс өтті.

Отырыс барысында аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржанов  әріптестер алдында сөз алып,  өткен жыдың есебін баяндай отырып, 2024 жылға жасалар жұмыстарды пысықтап өтті. Сондай-ақ, жиынды облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Айгүл Байбатчаева ZOOM-платформасы арқылы қатысып, жылдық  есепке бағасын берді.

Жиында күн тәртібінен түспейтін  денсаулық саласындағы ең маңызды  ана мен бала денсаулығын қорғау, олардың арасында өлім жағдайын болдырмау мақсатында жасалған жұмыстарға баса назар аударып, онкологиялық, жүрек-қан тамыр аурулары, сондай-ақ, туберкулез ауруларын азайту үшін жасалар  сақтық шараларына да баса тоқталды.

Бүгінгі таңдағы қоғамның өзекті мәселесінің бірі — жастар арасындағы ерте жүктіліктің алдын-алу жұмыстары жайында да сөз қозғалды. Мәселенің бір ұшы науқастарға көңіл бөліп, ауруханаға жатқызу, әрі-бері әуреге салмай, құжаттарын бір жерден дайындау барысы да талқыланды. Сонымен қатар, медициналық талапқа сай науқастарға  арнайы берілетін тегін дәрі-дәрмектер, медициналық  ұйымның арнайы анықтамалары, оның ішінде мемлекеттік қызметтер тізбесі бойынша берілетін анықтамалар кезінде жемқорлыққа жол бермеу, парақорлықтың алдын алу барысы жайында да мекеме басшысы кеңінен тоқталып өтті. Аурухана басшысының бұлай  нақты тоқталып айтуы да жайдан-жай емес. Өйткені, кейбір өңірлерде адалдықты ұмытқан ақ халаттылар да кезігіп жатады.

Бір сөзбен айтқанда ұжым басшысы өз сөзінің қорытындысын «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» туралы  Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 15 сәуірдегі №88-V Заңына сәйкес сапалы қызмет  көрсетуге және де әріптестерін адал еңбек етіп,  антқа берік болуға шақырды.

Жиын соңы пікірлер мен ұсыныстарға, сұрақ-жауапқа ұласып, ақ халаттылар келген жылда да адал еңбек етуге уағдаласқандай тарасты.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерЖИЫН