Отбасылық тәрбие мәселелері талқыланды
Өткен аптада аудандық орталық кітапхана жанындағы «КОВОРКИНГ» орталығында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық Аналар және ақсақалдар кеңесі мүшелерінің,психолог мамандарының қатысуымен «Зорлық-зомбылықа қарсы – 16 күн» республикалық акция аясында «Отбасылық тәрбие» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Аталған отырыста бүгінгі күні, елімізде орын алып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түрлі деректер жайында аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Гулнар Уразбаева және де Аналар кеңесінің мүшесі Сабира Кумарова мен Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев өздерінің ой-пікірлерін ортаға салып, әлеуметтік желілер және БАҚ арқылы таралып жатқан мәліметтерді талқылады.
Осыған орай дөңгелек үстелде жалпы қоғам болып ұлт болашағының маңыздылығын ескеріп, тәлім-тәрбиені әр отбасынан бастау, көмекке мұқтаж отбасыларына қажетті (психологиялық, әлеуметтік және т.б.) қолдаулар көрсету, балалар тәрбиесіне де нақты көңіл бөлу туралы айтылды. Отырыс соңында психологиялық тренинг өткізіліп, бейнеролик тамашаланып, үйлестіру материалдары таратылды.
Қарғалы-АҚПАРАТ.