Отбасы құндылықтары – қоғам негізі

13 мамыр күні аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мемлекеттік мекемесінің “Сенім” отбасын қолдау орталығында «Отбасы. Отбасылық құндылықтар» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

 Семинарға мекеме қызметкерлері, аудандық ардагерлер кеңесі, білім беру ұйымдарының психологтары, денсаулық сақтау мен полиция бөлімінің мамандары және жастар қатысты.
Бұл семинар-тренинг Аналар күні мен Халықаралық отбасы күніне орай өткізілді. Шараның мақсаты – қоғамдағы отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңыздылығын түсіндіру, отбасы ішіндегі қарым-қатынасты нығайту, түсінік пен сенімді арттыру, ата-аналардың отбасында және баламен қарым-қатынаста әлеуметтік қолдау дағдыларын игеруіне ықпал ету, сондай-ақ қоғам дертіне айналып бара жатырған құмар ойынға тәуелділік, ойынқұмарлықтың алдын алу.
Қазіргі қоғамда отбасының алатын орны ерекше. Өйткені отбасы — әр адамның алғашқы тәрбиесі мен өмірлік құндылықтарды бойына сіңіретін қасиетті ұясы. Міне осы орайда өткен семинар-тренингте Ақтөбе облыстық “Психологиялық көмек” орталығының психологы Арайлым Мұхансерікқызы қатысушылармен ашық әңгіме жүргізді.

Сондай-ақ, психолг маман отбасы құндылықтарының маңыздылығына кеңінен тоқтала келе, түрлі өмірлік тәжірибедегі оқиғалар арқылы ата-ана мен бала арасындағы өзара сенім мен түсіністіктің бала тәрбиесіндегі рөлі, отбасыдағы тәрбие берудің негізгі қағидаттары, сондай-ақ тәрбие үдерісінде ескерілетін маңызды жағдаяттар жайлы құнды ақпараттармен бөлісті. Сонымен қатар, бала тәрбиелеуге қатысты бірнеше тиімді лайфхактар ұсынып, ата-аналарға баламен қарым-қатынасты дұрыс құру, эмоциялық қолдау көрсету, баланың пікірін ескеру және жеке ерекшеліктерін елемеу емес, қабылдай білу туралы кеңестер берді.
Оған қоса семинар-тренинг аясында қатысушылармен отбасылық құндылықтарға қатысты арнайы практикалық жаттығулар орындады. Тренинг барысында қатысушылар отбасы ішіндегі өзара сыйластық, сенім, адалдық, жауапкершілік, қамқорлық секілді маңызды құндылықтардың мәнін тереңірек түсіне білді.
Одан соң жеке кәсіпкер, құмар ойындарға тәуелділік жөніндегі маман Даулет Сисенбаев құмар ойынның адам өміріне әкелетін ауыр зардаптары туралы жан-жақты айтып берді. Ол өзінің басынан өткен қиын сәттерін жасырмай айтып, қатысушыларға шынайы әсер қалдырды. Айта кетерлігі, Дәулет бұл жаман әдетті басынан өткізіп көріп, аталмыш саланы көп зерттеген. Ең бастысы бұл дертпен күресуге болатындығын, одан арылудың жолдарын бірнеше мысалдармен атап көрсетті.


Семинар соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зинелгабдин Дербиспаев айтылған тақырыптар мен көтерілген мәселелердің маңыздылығына қолдау білдіріп, өзінің өмірлік тәжірибесіндегі ақыл-кеңестерін айтты.
Қазіргі таңда отбасы құндылықтарын сақтау мен нығайту – әрбір азаматтың, әрбір ата-ананың басты міндеттерінің бірі. Осы орайда ұйымдастырылған семинар-тренинг пайдалы ақпараттар мен өмірлік маңызды кеңестерге толы болды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА