ӨМІРІН КІТАПХАНАҒА АРНАҒАН ЖАН

Әр мамандықтың ерекешелігі мен  қиындығы болады. Соған төзе білген адам адал  еңбектің құрметіне бөленеді.

        Сондай жанның бірі – Бекзада Абаева. Ол Қайрақты ауылының кітапхана меңгерушісі болып еңбек етіп, бүгінде сол қызметінен зейнеткерлікке шығып  отырған ардақты жан.

Адам өмірінің ең маңыздысы мамандық таңдау. Таңдаған мамандығың өзіңе ұнап, беріле еңбек етсең, онда бағыңның жанғаны. Бекзаданың жастайынан таңдаған мамандығы-кітапханашылық. Біле білгенге кітапхана ақыл-білім, адамгершілік ордасы.

            Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде еңбекші адамдарға деген құрмет пен қолдау ерекше. Соның ішінде кітапханашылардың еңбегі орасан зор.

Осы орайда «Мен кітапхананы ақыл-білім, адамгер­шілік ордасы деп білемін. Ал кітап­ханашыларды сол ешқашан жоғалмауға тиісті асыл қазынаның сақшылары деп санаймын» деп белгілі жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев айтқандай, рухани орда иелері әрбір оқырманға білім шуағын шашып, мейірімді жүздерімен өздеріне бірден  баурап алатын мамандық иелері және олар игілікті істерімен қоғамға қажет-ақ. Біздің кейіпкеріміз де адал еңбегімен көпшілікке мәлім, сондай жандардың бірі.

Бекзада 1963 жылы тамыз айының 27 жұлдызында Хромтау ауданы Көктерек ауылында дүниеге келген. Әкесі Абылай Жолмуханбетов  еңбек ардагері. Ол көп жылдар механизатор болып жұмыс жасаса, ал анасы 8 перзентінің тәрбиесімен айналысқан қарапайым ана. Сонымен қатар, әкесі домбыра тартып, термелерді жатқа айтып, балаларын да сол өнерге баулып отырған. Бекзада ауылындағы орта  мектебінен 1980 жылы түлеп ұшып, Ақтөбе қаласынан 1 жылдық курс бітіреді. Алайда, ол бұл мамандықты қол көрмей, Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне түседі. Оны тәмамдаған жас маман оқу орынының жолдамасымен Хромтау ауданына қарасты Көктау ауылдық балалар кітапханасына меңгерушілік қызметке орналасып, алғашқы еңбек жолын бастайды.

Оның бұл мамандықты таңдауына себепші болған жан 46 жыл бойы кітапханашылық қызмет еткен Айзада апасы екен. Өмірден өткен әпкесін  есіне алып, әңгімесін одан әрі жалғады.

-Біз еңбекке араласқан жылдары кітапқа деген сұраныс мол болатын. Ауылдың қарттары мен жастары толассыз кітапханаға келіп, белгілі ақын-жазушылардың кітаптарына кезекке тұрып жазылатын. Қызығы көп еңбек күндерін өткіздік. Кейіннен кейбір кітапханаларға қара құлып ілініп, мәні кеткен кезді де көрдік. Сөйтіп, дәм-тұзымыз жарасып кезіндегі Бородиновка ауылының (қазіргі Қайрақты) азаматы Мұратпен отбасылы болдық. Осында келгеннен соң, аудандық кітапханаға қарасты Қайрақты кітапханасына меңгеруші болып қызметке кірістім. Қарап отырсам оған да 32 жылдай уақыт өтіпті,-деп еске алды кейіпкеріміз.

Ол жерде де ауыл тұрғындарының кітапханаға келіп, кітап оқып, рухани ордадан білім алуына үлес қосқан. Әсіресе, мектеп оқушыларын қызықты кешпен қызықтыруға еткен еңбектері бос кетпей, нәтижесінде осындай жоқтан барды жасаған еңбегі ескеріліп, ҚР Ұлттық  кітапханасының  директоры, Қазақстандық кітапханалық одақтың төрайымы, Мәдениет саласының үздігі Бақытжамал Оспанованың «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаеваның Құрмет грамотасымен, облыс, аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Бұл жетістіктерді бағындыруына әріптестерінің  үлесі зор деп  біледі кейіпкеріміз. Өйткені, шағын ұжым болса да, бірлесе атқарған адал еңбектің нәтижесі айқындалып отыр. Осы сәтте Бекзада да ұжымдастарына деген ризашылығын жасырмады. Оған қоса ол кітапханашылық қызметімен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсенділік танытқан. Өйткені, 20 жыл бойы №260 Қайрақты сайлау комиссиясының мүшесі болып еңбек етіп, ауылдың өркендеуіне де  септігін тигізген жан.

-Қазір зейнет жасындамын. Сонда да қасиетті кітапханашылық қызметімді қимай, еңбек етіп келемін. Жолдасым Мұрат екеуміздің екі қызымыз бар. Балаларымыздың барлығы жоғары білімді. Бүгінгі күні қыздардан 4 жиен немере көріп отырмыз. Ақадал еңбегіміз еленіп, елге танылғанымызға дән ризамыз,-деген толғанысын да білдірді кейіпкеріміз.

Иә, расында кітапхана — мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты болса, кітапханашы — тек кітаптарды жинау мен сақтау ғана емес, сондай-ақ адамдарға білім мен ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз ететін мәдениет пен білім бұлағы болып табылады. Олай болса, кітапханашының еңбегі қоғам мен мемлекеттің дамып, өркендеуіне үлес қосатын өте қажетті мамандық дер едім.

Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ