Омбыдағы форум: Тоқаев көлік-логистика саласындағы жаңа міндеттерді белгіледі

Фото: Ақорда
Президент Солтүстік — Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт — Батыс Еуропа — Батыс Қытай дәлізі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе — Ұлғайсын жолындағы реконструкция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
— Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан — Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл — көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел екі ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, — деді Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Президент Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысу үшін Омбыға барды.




