Оқушылар қағаз қалдықтарын сұрыптады

Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №66 орта мектепте «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында макулатура жинауға арналған экологиялық акция өтті. Тазалық мәселесін әрдайым назарда ұстайтын оқу ордасы бұл экожобаны үш жылдан бері ұйымдастырып келеді.
Аталған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Қасымованың айтуынша, акцияның мақсаты — өскелең ұрпақтың экологиялық сауаттылығын арттыру және халық арасында қатты-тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинаудың артықшылығын түсіндіру.
— Мектебімізде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Қалдықсыз қоғам жобасы» жүзеге асырылып келеді. Үш жылдан бері қағаз қалдықтарын сұрыптап үйренген оқушыларымыз қатты қалдықтарды жинауды әдетке айналдырды. Осы жоба арқылы жастарды экологиялық мәдениетке бейімдейміз. Макулатура жинауға арналған акцияға үлес қосқан оқушыларды және олардың ата-аналарын тоқсан сайын Алғыс хатпен марапаттаймыз. Үздік нәтиже көрсеткен сыныпқа түскен қаражат есебінен бөлме гүлдерін сыйлаймыз. Биылғы оқу жылының аяғында бір тоннаға жуық қағаз қалдықтарын шығардық. Жобаға ата-аналар да өз үлесін қосып жатыр. Бір қуантарлығы — оқушыларымыз мектеп фойесінің әр қабатында орналасқан экожәшіктерге қоқыстарын тастап, тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесіне жолға алуды көздейді, — дейді ол.
Экологиялық акцияға қатысқан оқушылар ең алдымен қатты қалдықтарды өлшеп, мектеп аумағында орналасқан дайындау пункттеріне жеткізіп отырды.
Аталған акцияда белсенділік танытқан оқушылардың бірі — 11-сынып оқушысы Айару Молдағали.
— Бұл акция арқылы біз қағаздарды қайта өңдеудің маңыздылығын түсіндік. Экологиялық білім беруді нығайтуға және қайта өңдеу үшін шикізат жинауға бағытталған акция алдағы уақытта да жалғасатын болады. Макулатура — қайта өңделетін шикізат. Тауарлардың әртүрлі қораптары мен қаптамаларын қайта өңдеу табиғи ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар қайталама өндірісте пайдалануға болатын тұрмыстық қалдықтардың өзге де түрлері бар екенін ұстаздарымыз айтты. Сондықтан мұндай іс-шараларға бейжай қарамай, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау әрбір оқушының күнделікті мәдениетінің бір бөлігіне айналуға тиіс, — дейді мектеп оқушысы.