Оқушылар ардагерлермен кездесті

Өткенді еске алу арқылы, болашаққа нық қадам баса аласың. Өйткені, біздің қазіргі бейбітшілігіміз оңайлықпен келген жоқ. Қан майданда кеудесін оққа тосып, ұрпақтың бейбіт күнін қалыптастырып кеткен ардагерлеріміздің ерлігін ұмытуға хақымыз жоқ. Сондықтан да, өсіп келе жатырған ұрпаққа сол ата-бабамыздың жасаған ерліктері мен көрген қиыншылықтарын санаға құйып өсіру біздің басты борышымыз. Сол ардақты батыр ардагерлеріміздің саны жыл санап азайып барады. Майдан даласында ерлік көрсеткен батырлармен кездесу өткізудің де маңызы зор.

Осы орайда өткен аптада Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңіс күні қарсаңында №2 Бадамша орта мектебінде Ауған соғысы ардагері, Семей полигонында, сонымен қатар Кеңес әскері мен ҚР әскерінде болған аға буын өкілдерімен арнайы әскери-патриоттық кездесу өтті.

Мән-мағынасы зор іс-шараның мақсаты – жастардың бойына туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, әскери-патриоттық рух қалыптастыру, азаматтарымыздың Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру, салауатты өмір салтын  насихаттау.

Кездесу барысында алғаш сөз бастаған аудандық жастар орталығының басшысы Мейіржан Жұбан:

–Үлкенге құрмет – халқымыздың ежелгі дәстүрі. Еліміздің гүлденуі мен тыныштығын сақтау үшін әскерде болып, кейін еңбек майданында аянбай, нақ осы аға буынының үлесі зор екенін жақсы білеміз. Ауданымыздың құрметті азаматтары әрдайым ел тағдыры үшін алаңдайды,-дей келе ел келешегі жастардың әскерге баруына және де оларды Отанға адал қызмет етуге шақырып, ардагерлер қауымымен келелі әңгіме өрбітті.

Кездесуге Ауған соғысының ардагері Сәрсенбай Таджиев, КСРО әскерінде болған Сүлеймен Омаров, Мирхат Муханбетжанов, Алибек Акмурзин, Базарбай Имашев, сонымен қатар ҚР Қарулы күштерінде борышын өтеген Аслан Анисов пен Ақылжан Жолшоранов қатысты.

Жастар орталығының қолдауымен, аудандық музей қызметкерлерінің қатысуымен өткен шарада қонақтар жоғары сынып оқушыларының сұрақтарына жауап беріп, әскери қызметтің артықшылықтары жайында  түсінік берді. Ең бастысы аға буын өкілдері мен оқушылар арасында әсерлі кездесу өтті.

Ардагерлерді құрмет­теу – баршамыздың парасатты парызымыз. Біле білсек, бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміздің өзі – сол аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы. Ендеше, ерен еңбектері үшін, тарих тағылымында алған орындары, жеңістің дәмін татып, жеңілістің дәмін тарттыртқызған ерлік иелерінің рухына  әрқашан бас иіп өтуіміз керек.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА