Облыста әлияның 100 жылдығы тойланады

Мерейтойлық іс-шаралар 12 маусым күні Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың Ақтөбе қаласындағы мемориалды ескерткішкешеніне гүл шоқтарын қою рәсімімен (сағат 10.30-да) басталады. Одан соң (сағат 11.00-де) Өнер орталығы фойесінде суретшілер мен мүсіншілердің «Ұмытылмас бейне» атты республикалық байқауының қорытынды көрмесі ұйымдастырылады. Көрмені тамашалаған қонақтар Өнер орталығының концерт залында 11.30-да басталатын «Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумына қатысады.

Сағат үште келушілер Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды музейінде,

16.00-де облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтетін экскурсияны тамашалай алады.  Осы күні кешкі алтыда Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Әлия» мюзиклінің премьерасы өтеді.

13 маусым күні той Қобда ауданында жалғасады. Таңертеңгі 9.30-да Әлия Молдағұлованың туған жері — Бұлақ ауылындабатырдың ескерткіш-мүсініне гүл шоқтары қойылып, музей-үйіне экскурсия ұйымдастырылады.

Негізгі іс-шаралар сағат 10.30-15.30 аралығында Қобда ауданының орталығы — Қобда ауылында өткізіледі. Ауылда 80 киіз үй тігіліп, театрландырылған көрініс, спорттық жарыстар мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.

Одан соң (16.00-де) меймандар Кеңес Одағының Батыры Ә.Молдағұлованың Әлия ауылындағыескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, «Әлия» облыстық патриоттық тәрбие беру орталығындағы батыр музейіне экскурсия жасайды және «Әлия — ғұмыр» сурет көрмесімен танысады.

Осы күні кешке (19.00-23.00 аралығында)  Ақтөбе қаласындағы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында «Әлия — ғұмыр» гала-концерті өтеді. Бұл концертке елімізге белгілі өнер жұлдыздары арнайы шақырылған.

Мейрамгүл САТАЕВА.

aqtobegazeti.kz