ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ АУДАНЫМЫЗҒА КЕЛДІ

Өткен аптада Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жұмыс сапарымен ауданымызда болып, аймақтағы бірқатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмысын және көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарымен танысты.
Сонымен қатар, жұмыс тобының құрамында облыстық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармалары басшылары, жер инспекция мен “ҚазСуШар” РММ басшылары бар.
Жұмыс сапары Желтау ауылдық округіне қарасты «Айдана» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан басталып, кейін жұмыс тобы «Сәт» ШҚ-на барып, заманауи «DJi Agras-T50» дроны арқылы жүргізіліп жатқан химиялық өңдеу жұмыстарын бақылады. Сондай-ақ, Қарғалы су қоймасының жағдайы мен пайдалану тиімділігі де назардан тыс қалған жоқ.
Одан соң Қосестек ауылында орналасқан «Ақбидай» ШҚ жұмысымен танысып, аталған шаруа қожалығы базасында ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен кездесу өткізіп, оларды толғандырған мәселелерін тыңдап, сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар суармалы егіс алқаптарын, суару науқанында, электр энергиясымен үздіксіз қамту бойынша “ҚазСуШар” мекемесі басышысына тапсырма берді. Осылайша, бұл басқосу көктемгі далалық жұмыстарына дайындық мәселелерін талқылауға арналды.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары егіс егу науқанына ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын тексеру мақсатында «Қосестек Агро» ЖШС, «Дилэнд» ЖШС, «Велиховка» ЖШС сынды ауыл шаруашылығы субъектілерінің тыныс-тіршілігін бақылады. Және «Қасқыр сарқырамасы» демалыс аймағы мен “Ауыл аманаты” жобасы бойынша іске асырылған “Спутник” АӨК жылыжайының жұмысымен де танысты.
Сапар соңында Ғалымжан Елеуов «Степной» ЖШС-де болып, Бадамша ауылындағы «ЮжПромСнаб» ЖШС-нің жол құрылысына қажетті өндірілген қиыршық тас тиеу айлағында болып, аталған мекеме басшыларына өнділіген өнімді тасымалдау, вагондарға тиеу кезінде тұрғын үйлерге шаң-тозаң бармау үшін, барлық технологияларды сақтауды ескертті.
Облыс әкімі орынбасарының жұмыс сапары қорытындыланып, аудан басшылығына көктемгі далалық жұмыстарына ауданымыздағы шаруашылық құрылымдарының толықтай дайын екендігін айта келе, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, шаруаларды қажетті көлемде жанар-жағармаймен қамту шараларын уақытылы жүзеге асыру, науқан барысын күнделікті бақылауға алып, туындаған мәселелер бойынша жедел ақпарат беріп отыру міндеттері тапсырылды.
Қарғалы-АҚПАРАТ