ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ІССАПАРЫ

Өткен аптаның жұмасында облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапарымен ауданымызда болып, көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстарын бақылап, сондай-ақ бірқатар нысандарды аралап, ауыл шаруаларымен кездесті.
Көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстармен танысты
Өлкеміздегі көктемгі су тасқынына қарсы іс-шаралар қарқынды қолға алынуда. Облыс басшысы жұмыс сапары аясында Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылының маңындағы жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Аталмыш ауылдық округте су тасқынының алдын алу мақсатында жағалауды нығайту жұмыстары жүргізілуде.
-Қазіргі таңда ауылда 600-ден астам үй мен 2550 тұрғын бар. Петропавл ауылы Жақсы Қарғалы өзенінің жағасында орналасқан. Сондықтан да, көктем мезгіліне дайындық жұмыстары басталып та кетті. Су тасқыны кезінде су басуды болдырмау үшін Құндыздың арығы тазартылды. Ол 2,5 шақырымды құрайды. Қырдан аққан су ауыл ішімен өтіп, Қарғалы өзеніне құяды. Осы орайда бұған дейін жаз мезгілінде өзен жағалауларын 1,5-2 метрге дейін биіктету жұмыстары жүргізіліп, топырақтан тығыз үйінді салынды. Тағы бір айта кетерлігі, қырдан ағатын судың жылдамдығы қатты болатындықтан, ауыл ішіне су жиналады. Осыған орай алдағы уақытта ауылға 2 шақырым жердегі №2 бөгеттің суын тікелей өзенге ағызу мақсатында арық салуды жоспарлып отырмыз,-дейді округ әкімі Азамат Рзагулов.
Өңір басшысы су тасқынына қарсы техникаларды, қаптар мен құм дайындауды тапсырып, одан соң ауыл тұрғындарымен кездесті. Жол азабын тартқан тұрғындар былтыр жаз мезгілінде Жездібай ауылында атқарылған жұмыстар мен салынған жаңа жол үшін облыс әкіміне алғыстарын білдірді.
-Барлық облыс бойынша біз елді мекендердің кіреберіс жолын саламыз. Болашақта Петропавл маңынан өтетін республикалық трассаны жөндейміз. Ауылдың әлеуеті зор. Ең алдымен, облыс орталығына жақын орналасқаны тиімді. Ауыл кеңейіп, жаңа үйлер салынуда. Мұнда қажетті инфрақұрылым бар. Қазір су тасқынына дайындық аясында бүкіл облыс бойынша жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп, бөгеттерді ретке келтіріп, өзен арналарын тазарттық. Барлық іс-шаралар су тасқыны қаупін азайту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізіледі», — деп атап өтті өңір басшысы.
Ауыл шаруаларына оң баға берді
Одан соң сапар аясында облыс әкімі Қосестек ауылында болып, ондағы «Қуаныш» шаруа қожалығын аралады.
Айта кетер болсақ, «Қуаныш» шаруа қожалығы әулиекөл сиырының тұқымын өсірумен айналысады. 2023 жылы шаруашылық 100 бас аналық ірі қара мал мен 4 өндіруші бұқаны сатып алып, екінші жылы жоғары нәтижеге қол жеткізген. Бүгінгі күні малдың 85% төлдеген. Сондай-ақ, шаруа қожалығы мал басын 500 аналыққа жеткізіп, Қазақстан аумағында малды сату мақсатында тұқымның көбеюін дамытуды жоспарлауда.
«Қуаныш» ШҚ зоотехнигі Арман Илюповтің айтуынша, әулиекөл тұқымы өңірдің климатына жақсы бейімделген және күтімі қиындықтар туғызбайды. Шаруашылық сонымен қатар егіншілікпен де айналысады. Соның нәтижесінде өзін-өзі жеммен қамтамасыз етуде. 2024 жылы 1118 гектар жерге бидай, арпа және сұлы еккен.
Облыс әкімі шаруашылық жұмысының тыныс-тіршілігімен танысып, қожалық басшылығымен одан әрі дамыту жоспарларын талқылап, фермерлерді мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Мұндай бастамалар өңірдегі экономикалық жағдайды жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға көмектесетінін алға тартты.
Облыс әкімінің іссапары аталмыш ауылдық округтегі «Моя семья» наубайханасында жалғасты.
Бұл жеке кәсіпті тоғыз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Наталья Роде жүргізіп отыр. Бүгінде балаларымен бірге олар 700-ге жуық нан және басқа да ұннан жасалатын өнімдерді пісіріп, ауылдарға жеткізуде.
-2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында төрт миллион теңге көлемінде грантқа ие болдым. Осы қаражатқа қажетті жабдықтар мен пештер сатып алдым. Бастапқыда нанды үйде пісірдім. Маған қыздарым көмектесті, ал ұлдарым нан тасымалдаумен айналысты. Сөйтіп, уақыт өте келе нан мен тоқаш өнімдері сұранысқа ие бола бастады. Осы орайда біз кәсібімізді кеңейтіп, арнайы наубайхана салуды жөн санап, шешім қабылдадық. Осылайша, 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы қамыр илейтін құрал-жабдық, нан пісіретін қалып және тоңазытқыш сатып алу үшін 1,3 миллион теңге көлемінде несие алдық. Алайда, біз бұл несиені мерзімінен бұрын жаптық. Дегенмен де, ол отбасылық бизнесіміздің дамуына оң әсер етті. Енді алдағы уақытта мемлекеттік қолдау бағдарламасы арқылы нан тасымалдау үшін көлік сатып алуды жоспарлап отырмыз,-дейді кәсіп иесі.
«Ауылдағы отбасылық кәсіп — бұл тұрақтылық пен өсудің кепілі. Мұнымен тоқтамай, әрі қарай дами беріңіздер. Балаларыңыздың сізге қол ұшын беріп, қолдауы — бұл дәстүр мен сабақтастықты сақтаудың маңызды қадамы. Оның үстіне нанға деген қажеттілік әрқашан болады. Табысқа жетудің барлық негіздері жолға қойылған»,- деп облыс әкімі Асхат Шахаров ауыл кәсіпкеріне табыс тіледі.
Жұмыс сапары бұдан әрі Велихов ауылында жалғасты. Өңір басшысы ондағы Юрий Барановтың басшылығымен 1999 жылдан бері дамып келе жатырған жергілікті шаруа қожалығының қызметімен танысты.
«Велиховка» ШҚ өсімдік және мал шаруашылығымен айналысады. Егістік алқаптарының ауданы – 4 405 га, шабындық – 536 га, тағы 1 968 га жайылымға бөлінген. Мал басының саны 400-ге жуық. Былтырғы жылы 4 297 га дәнді дақылдар егілді, 228 га жем-шөпке бөлінді. Сонымен қатар, шаруашылық заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған. Бүгінгі таңда қожалық 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сапар аясында облыс әкімі мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, жеке кәсіптерін дөңгелете білген ауыл шаруаларына оң бағасын беріп, лебізін жеткізді.
-Ауыл шаруашылығын дамытып қана қоймай, бүкіл аймақтың өркендеуіне ықпал ететін жұмыс орындарын құратын шаруаларға қолдау көрсету маңызды. Біз бизнесті кеңейтуге, жабдықты жаңартуға және еңбек жағдайларын жақсартуға көмектесетін бастамаларға қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында ғана біз орнықты дамуға қол жеткізе аламыз, ауылдық жерлердегі өмірді жақсарта аламыз және келер ұрпақ үшін табысты болашақты қамтамасыз ете аламыз»,- деп атап өтті өңір басшысы.
Жөндеуден өткен «Балапан» балабақшасын аралады
Аудан орталығындағы «Балапан» балабақшасы «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. Облыс әкімі балабақшаға арнайы барып, ондағы тәрбиеленушілердің жай-күйімен оған қоса білім алу мүмкіндіктерімен танысты.
Айта кететін жайт, ғимаратты жөндеу жұмыстары 2024 жылы аяқталды. Жөндеу жұмыстарын «Бабэк Құрылыс» ЖШС жүзеге асырды. Жұмыс құны – 176,6 млн теңге. Жоспарға сәйкес күрделі жөндеу және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Және де ғимаратқа заманауи өрт дабылы жүйесі орнатылып, электрмен жабдықтау жүйесі ретке келтіріліп, балабақша аумағы абаттандырылған. Сонымен қатар, ойын алаңдарына балаларға қажетті карусельдер қойылған.
«Балапан» мектепке дейінгі ұйымының меңгерушісі Жанат Биманбаеваның айтуынша, сәбилердің жайлы және қауіпсіз ортада тәрбиеленуі үшін барлық жағдай жасалған. Қазір балабақшаға 82 бала келеді. Ондағы барлық қызметкерлер саны -29. Оның ішіндегі 13-і тәрбиеші педагог мамандар. Ал аудан орталығында балабақша кезегінде екі жасқа дейінгі 31 бала тұр. Балабақшада балалардың көркемдік дамуына арналған кабинет, ойын бөлмелері, музыка залы, медициналық кабинет жаңартылды. Ас бөлмесі де талапқа сай қажетті техникалармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, балабақша ғимараты тәрбиешілердің жұмысына ыңғайлы болу үшін wi-fi желісіне қосылған.
Балабақша жұмысымен танысқан облыс әкімі алдағы уақытта да балаларға көңіл бөліне беретінін айтып өтті.
-Біз балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау үшін ауылдарда инфрақұрылымды белсенді қолдауды және дамытуды жалғастырамыз. Бұл тұрғылықты жеріне қарамастан, әр бала үшін тең мүмкіндіктер бағытындағы маңызды қадам. Әр баланың әлеуетін ашуға көмектесетін сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет. Балалардың психикалық дамуына ерекше назар аудару керек. Қажет болса, біз Монтессори сияқты мамандандырылған кабинеттерді немесе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс жасау үшін түзету кабинеттерін ашамыз. Бұл әр балаға жалпы дағдыларды дамытып қана қоймай, жеке ерекшеліктеріне қарамастан үйлесімді дамуға көмектеседі, — деді ол.
Ауруханаға жапсарлас жаңа ғимарат салынады
Өңір басшысы сондай-ақ аудандық орталық ауруханаға барып, диагностикалық бөлімшені орналастыру үшін салынатын қосымша жобамен танысты.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Берік Жаржанов жаңадан салынатын ғимараттың жобасымен таныстырып, ол ем алушыларға қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартуға және диагностика мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты.
Нақтырақ айтар болсақ, аудан орталығындағы аурухана 1955 жылы салынған. Оның жанында 54 төсек-орынға шақталған стационар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, бір ауысымда 150 науқасқа қызмет көрсететін емхана бар. Ауруханаға 6 дәрігерлік амбулатория және ауданның 9 медициналық пункті бекітілген. Аурухана ұжымы 162 адамды құрайды.
-Қарғалы ауданы қарқынды дамуда. Мұнда жаңа үйлер салынуда, халық саны артып келеді. Жапсарлас нысанды салу және денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту — бұл процестің маңызды қадамы. Аудан тұрғындары сапалы медициналық қызмет алуы үшін біз денсаулық сақтау жұмыстарын қолдап, жақсартуды жалғастырамыз. Ауруханаға қосымша құрылыс салу жобасын қаржыландыру мәселесі облыстық мәслихат сессиясында қаралады,-деп атап өтті облыс әкімі.
Туризм саласы қарқынды дамиды
Өңіріміздің табиғатына қызығушылық танытып, әртүрлі өңірлерден, тіпті шет елдерден арнайылап келетіндер саны жыл сайын өсіп келеді. Осыған орай облыс әкімі ауданымызға жұмыс сапары аясында су қоймасында болып, туристік аймақты дамыту жобасымен танысты. Жобаның жалпы құны – шамамен 4 миллиард теңге. Болашақта 200-ге жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.
«Samet International» ЖШС-нің «Qargaly Eco Resort» жобасы тұрғын үй және ойын-сауық объектілерін, мейрамханаларды, спорт және ойын алаңдарын, сондай-ақ жайлы демалу үшін түрлі инфрақұрылымдық объектілерді қамтитын экологиялық таза курорттық аймақ құруды көздеп отыр. Аталмыш компания жобаны өз қаражаты есебінен іске асырмақ. «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 2022 жылы су қоймасының аумағында 29,2 млн теңгеге электр тарту жұмысы жүргізілді.
Сонымен қатар, биыл жазда мұнда 8 және 4 орындық екі демалыс үйі жұмысын бастап, демалушылардың қызығушылықтарын тудырды.
Бір айта кетерлігі бұл жоба су қоймасы аумағында туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Қазақстаннан да, шетелден де туристерді тартуға ықпал ететін жаңа объектілерді одан әрі кеңейтуді және құруды септігін тигізбек.
Қарғалы-АҚПАРАТ