НҰРЖАННЫҢ ЖЕҢІСІ – АУДАННЫҢ МЕРЕЙІ

Ағымдағы жылдың  14-19 қараша күндері  Өзбекстанның  Ташкент қаласында дзюдо күресінен жастар мен жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өтті. Аталмыш чемпионатта Бадамша балалар жасөспірімдер спорт мектебінің түлегіспорттан ауданымыздың намысын қорғап жүрген біздің  мақтанышымыз Нұржан Бисенов  81 кг салмақ дәрежесінде  белдесіп, алтыннан алқа тағып тағы да «чемпион» атағын қанжығасына байлады.

             

Ташкент төріндегі Азия чемпионатында жерлесіміз Нұржан  финалда өзбек спортшысын жығып, жеңістің жалауын желбіретті. Спортшымыздың бұл алғашқы жеңісі емес, бұған дейінде көптеген биік белестерді бағындырып жүр. Айтулы додада ауданымыздың ғана емес, еліміздің намысын қорғап, шекара асқан жерлесіміз жарыста тек төбе көрсетіп қана қоймай, олжалы қайтты. Ол артылған сенімді ақтап, ауданымыздың мерейін асырып, еліміздің көк туын желбіретіп жарқын жеңіспен оралды. Спортшымызды облыста спорт басқармасы мен ауданымыздағы мекеме  басшылары және де жанкүйерлері салтанатты түрде күтіп алып, құрмет көрсетті.

                                      

Сондай-ақ, өткен бейсенбі күні аудан әкімі Асқар Жүсібалиев Азия чемпионы Нұржан мен оның анасын және бапкерін қабылдады. Кездесу барысында ауданның спорт саласындағы жетістігі тағы бір үлкен жеңіспен толыққанын, бұл жетістіктің үздіксіз шынығу және үлкен еңбектің арқасында келгенін айтып, алдағы жарыстарына сәттілік тілеп, аудан мерейін әрқашан биіктен көрсете беруіне тілектестігін  білдірді. Сонымен қатар, чемпион атанып, алтыннан алқа таққан жерлесімізге  аудан әкімі өз атынан  арнайы Алғыс хатпен марапаттап, сый-сияпат табыс етті.

Өз кезегінде жас спортшы  өзіне көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

-Бұл дода өте тартысты да жоғары деңгейде өтті. Азия чемпионатына 2-ші рет қатысып отырмын. 15 мемлекеттен барлығы 200-ге жуық мықты спортшылар қатысты. Мен жарыста Монғол, Түркімен және Өзбек спортшысымен жекпе-жекке шықтым. Чемпионат болғандықтан оңай болды деп айта алмаймын, бірақ үмітті ақтағаныма қуаныштымын. Жеңіске жеткен сәттегі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Осы сәтті пайдалана отырып ең алдымен ата-анама, жаттықтырушыма, одан соң чемпион атанған сәттен бастап қолдау білдіріп жатырған аудан әкімшілігі мен барша жерлестеріме ерекше ризашылығымды білдіремін. Елге келгеннен бастап-ақ күтіп алып, ерекше ілтипаттарын көрсетіп жатыр. Өте қуаныштымын,-деген Нұржан өз әсерімен бөлісті.

Чемпион болуды бала күнінен армандаған Нұржанның ең алғаш спортқа бет бұрып, қызығушылығын тудырған ағасы Игілік екен. Міне, бүгінде оның бағындырған жетістіктері жетерлік. Сондай-ақ, спортшыға, ең біріншіден, темірдей тәртіп керек, одан соң  жаттығуда ерінбей, өз мақсатына жетуге күш салуы қажет. Бұл жағдайда маңдай тер мен ізденісте бапкердің де маңызы зор. 10 жылдан бері Нұржанды спортқа баулып келе жатырған бапкері Арман Ахмет. Әңгіме барысында Нұржанның бапкеріне деген ықыласы мен алғысын да байқадық.

Расында, чемпион болу — бір жылдық еңбек емес, сондықтан да маңдай термен келетін еңбектің дәмі қашан да тәтті болмақ. Олай болса, бағы мен бабы қатар шауып, мерейі мен мәртебесі үстем болып, өлкеміздің атын әлемге танытар жеңісті күндері көп болсын дейміз.

 

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА.