«Нұр-ай» бишілері- жеңіс тұғырында
17 ақпан күні Ақтөбе қаласында өткен «AQTOBE FEST STAR» XXI Халықаралық ән — би байқауында біздің «Нұр-ай» халықтың би ансамблі жетістікке жетіп, бас жүлдеге ие болды.
Жас бишілердің хореографиялық шеберліктерін дамыту мен шығармашылық мүмкіндіктерін шыңдау мақсатындағы ұйымдастырылған халықаралық байқауға 51 би ұжымы қатысты.
Бұл өнер додасында аудан абыройын арқалап сан алуан сайыстарда бақ сынап, облыстық, республикалық байқауларда өнер көрсетіп жүрген өнерпаздарымыз, Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл ауылдық клубы жанынан құрылған «Нұр-ай» халықтың би ансамблі бақ сынады.
Кіл мықтылар бас қосқан байқауда қазағымыздың «Домбыра» биімен көпшіліктің көңілінен шығып, әділқазылардың ыстық ықыласына бөленген біздің өңіріміздің жас өрендері би сайысында бас жүлдені қанжығасына байлады.
Сондай-ақ, бишілеріміз бас жүлдені иеленіп қана қоймай, наурыз, мамыр айларында қтетін «SHYMKENT FEST» Дубай және Түркия елдеріне жолдама жеңіп алды. Және өнерлі бишілерді дайындаған жетекшілері ағайынды Дания, Дария Асқароваларға «Үздік жетекші» дипломдарын табыс етті.
«Өнер талантты өсіреді» дейді дана халықымыз. Ендеше, «Нұр-ай» халықтың би ансамбль жетекшілерінің еңбегі зор. Олардың өнерге дайындап жүрген балғын бишілері бүгінде көптеген жарқын жетістіктерге қол жеткізіп жүр.
Осы орайда сүйінші жаңалықты ести сала жетекшілерімен тілдескенімізде: «Бұл біз үшін бағындырған тағы бір үлкен белес болды. Байқау қызықты да тартысты өтті. Ең бастысы өте әділетті өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта да талабымызды ұштап, биік тұғырдан көрінуге күш сала береміз»,–деген қуанышымен бөлісті Дария Ғайнадинқызы.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА