Нәзік жандыларға құрмет көрсетілді

Нәзік жандылар отбасының ырыс берекесін сақтап, өскелең ұрпаққа тәрбие берумен қатар, қоғамның сан түрлі саласында да белсенділік танытып келеді. Сондай-ақ, олар мейірім мен адамзат жанын шуаққа бөлейді. Осы орайда көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз-Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің мәні — әйелде»  атты салтанатты іс-шара өтті. 

Шара шымылдығы аудандық балалар өнер мектебі оқушыларының «Ана» тақырыбындағы әсем  хорымен ашылды. Одан соң мерекелік іс-шарада аудан әкімі Асқар Жүсібалиев ардақты аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады.

Сондай-ақ, өз сөзінде әйелдер қауымы отбасылық құндылықтарды сақтаумен бірге, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қызмет, кәсіпкерлік сынды қоғамдағы барлық салада өте белсенді екендігін айта келе, соған сәйкес қоғамда әйел азаматтардың рөлі айтарлықтай арта түскендігін жеткізді.

Салтантты іс-шара барысында ауданда әр салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар алғыс хаттармен марапатталып, сый-сияпаттар табыс етті.

Мереке аясында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың алғыс хаты  «Степное» ЖШС-нің  диірмен комплексының қоймашысы — Айжамал Алмағанбетоваға, зейнеткер — Гүлсауле Алдабергеноваға, аудандық ауруханасының техникалық қызметкері — Светлана Беристеноваға табыс етілді.

Ал аудан әкімінің алғыс хатымен зейнеткер — Бағдат Ахметова, Ащылысай ауылдық округінің жеке кәсіпкері — Тамара Жаманкулова, Кемпірсай ауылдық округіне қарасты «ДиЛенд» ЖСШ-нің  аспазшысы — Ирина Кобыляцкая, Әлімбет ауылдық округіндегі ҚТЖ Ақтөбе филиалының магистральдық желінің жол жөндеушісі -Людмила  Юдина, Степной ауылдық округіне қарасты «Степное» ЖШС-нің малшысы — Фарида Какенова, Велиховка ауылдық округіндегі Велихов негізгі мектебінің техникалық қызметкері — Рита Чернышева, Қосестек аулдық округінің зейнеткері — Мария Склярова, Желтау ауылдық округіне қарасты «Интер Агро» ЖШС-де астық қоймасының меңгерушісі — Альфия Клумбетова, Бадамша ауылдық округіндегі Агротехникалық колледждің  медбикесі — Айтжан Нуркаева және де Бадамша ауылдық  полиция бөлімінің аға штаб инспекторы аға лейтенанты — Динара Искиндирова марапатталды.

Осылайша, мейірімділік пен сұлулықтың, даналық пен рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні қарғалылық аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Мерекелік кеш соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының нәзік жандылардың құрметіне арналған концерттік бағдарламасына ұласты. Айтылған ізгі тілектер мен лебіздер,  шырқалған әндер бәрі-бәрі бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы қыз-келіншектер тақырыбында болды. Құрметке бөленген әйелдер қауымы ерекше көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Тағы бір айта кететін жайт бұл күні аудан әкімі ауданымыздың экономикалық дамуына өз үлестерін қосып, қоғам белсендісіне айналған іскер әйелдер қауымы мен мемлекеттік сенім мандатын арқалаған мемлекеттік басшылық қызмет саласындағы нәзік жандыларды қабылдап, ризашылығын білдіріп,  мерекемен құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА