НӘЗІК ЖАНДЫЛАР МЕРЕКЕСІ ҚАЛАЙ АТАЛЫП ӨТТІ?

АРУЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні аудан көлемінде кеңінен атап өтіліп, аудандық мәдениет үйінде «Армысың, ару көктем!» атты мерекелік салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев қатысып, ардақты аналар мен қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтады.

 

-Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының берекебірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекеттің өмірге және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі, біртұтастығымызды сақтаушы күш. Олар тек жұмыста ғана емес, әлеуметтік салаға, өндірістік пен әдебиет, өнер мен спортқа да барынша үлестерін қосуда. Бүгінде нәзік жандыларымыз барлық саланың бел ортасында жүр. Демографиялық өсімді арттыруда да әйелдің рөлі аса маңызды. Ауданымызда 2024 жылы 155 сәби дүниеге келсе, ағымдағы жылдың екі айында 20 сәби дүниеге келді. Ауданымыз бойынша мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 60%. Оның ішінде білім саласында 65%, мәдениет саласында 49%, денсаулық сақтау саласында 84%, кәсіпкерлік салада 61%, құқық қорғау саласында 8% әйелдер қауымы құрайды,-деп атап өтті аудан басшысы.

Аудан әкімі өз сөзінде әйелдер қауымы отбасылық құндылықтарды сақтаумен бірге, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қызмет, бизнес сияқты барлық салада өте белсенді екендігін айта келе, ауданымызда әр салада табысты еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қауымына марапаттар табыс етті.

Марапаттау рәсімінде Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетоваға облыс әкімі Асхат Шахаровтың «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табыс етілді.

Сондай-ақ, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімінің алғыс хатымен Степной ауылдық клубының қызметкері Айнагүл Дихамбаева, Қос-Естек ауылдық округі «Темирхан» шаруа қожалығының аспазшысы Гүлнар Ақдаулетова, Велихов орта мектебінің аспазшысы Валентина Клименко, Желтау ауылдық округі әкімдігінің қызметкері Гаухарай Алламұратова  марапатталды.

Сонымен қатар, мереке қарсаңында жұмысшы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп, облыс пен ауданның дамуына елеулі үлес қосқаны үшін біршама қыз-келіншектер аудан әкімінің алғыс хаттарына ие болды.

Нәзік жандыларға арналған салтанатты шара аудандық мәдениет үйі көркем өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.

                                                               Сахна шымылдығын ашқан «Ұшқын» халықтық жастар театры «Ана қадірі» интермедиясын сахналап, ерекше әсерлі қойылыммен жиналғандардың жанарына жас үйірлітті. Тіпті ақ жаулықты әжелеріміз де ақ орамалдың ұшымен, көз жанарын сүртіп, бір күрсініп алды. Сахналық қойылымды шебер сомдаған өнерпаздарымыз көрерменнің жүрек түкпіріндегі сезімін қозғай алды.

Расында, «Ана» деген үш әріптен құралған сөз кез келген жанды тебірентпей қоймайды. Өйткені, әлемнің тірегі де, тілекшісі де бола білетін, батырды да, ақынды да, дананы да, патшаны да өмірге әкелетін ана екені бәрімізге аян. Сондықтан да, осы үш-ақ әріптен тұратын сөздің құдіреттілігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Мерекелік кеште ана туралы  түрлі әндер шырқалып, «Наз» халықтық би ансамблі мен «Кербез» би ансамблінің бишілері мың бұрала би билеп, мереке иелерін аниматорлар қарсы алып, залдағы барша нәзік жандыларға гүл шоқтары табыс етілді.

Осылайша, мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні өңіріміздің аяулы аналары мен қыз-келіншектері ерекше құрметке бөленді. Бұл күні айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі-бәрі асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.

Иә, көктем тіршілік тынысын жандандырып, табиғат сұлулығын алып келумен қоса, жанды жадыратар бірқатар мерекені де сый етіп, ерекше көңіл күй сыйлайды. Оның ішінде барша нәзікжандының құрметіне арналған Аналар мерекесінің орны зор. Ана – даналық пен даралықтың, мейірім мен шексіз махаббаттың үлгісі. Сондықтан да оларға көрсетілетін сый мен құрмет ешуақытта артық етпейді.

ІСКЕР ӘЙЕЛДЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев  8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында ауданның қоғамдық-саяси дамуына белсенді араласып, сан салада табысты қызмет етіп жүрген іскер әйел-аналарды мерекемен құттықтап, құрмет көрсетті.

Бір топ нәзікжанды жергілікті кәсіпкерлер  еркін диалогты ақ дастархан басында бас қосты. Жиынға әртүрлі кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жүрген аяулы аналар мен іскер әйелдер қатысты.

Аудан әкімі мерекелік дастархан басында лебізін білдіріп, ақ тілегін арнады.

-Сіздер өңіріміздің дамуына зор үлес қосып, әрқашан ізгіліктің, парасат пен пайымның, мейірімділік пен ізгіліктің ұйытқысы болып келесіздер. Оның ішінде кәсіпкерлік саласында әйелдердің үлесі айрықша. Өйткені, сіздер отбасымен қатар жеке кәсіпті қатар ала жүріп, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізудесіздер. Кәсіпкерлік саласындағы нәзік жандылар жыл сайын артып келеді. Осы ерекше қасиеттеріңіз мәңгілік салтанат құрып, елімізге ырыс-құт дарысын. Баршаңызға зор денсаулық, баянды бақыт тілеймін!»- деп жүрек жарды лебізін білдірді.

Ақ тілектер айтылған көңілді кездесу соңында аудан экономикасының дамуына елеулі үлестерін қосып жүрген кәсіпкер әйелдерге гүл шоғы мен естелік сыйлықтар табысталды.

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАҒЫ НӘЗІК ЖАНДЫЛАР АРДАҚТАЛДЫ

Мереке қарсаңында аудан басшысы Нұрлыбек Унербаев бірқатар өндірістік және қызмет көрсету саласындағы мекемелерге барып, жұмысшы мамандықтағы әйелдерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.

Олардың қажырлы еңбегі мен төзімділігі үшін алғыс айтып, ауданның дамуына қосып жатқан үлестерін ерекше атап, мерекелік лебізін білдірді.

-Әйел – отбасының берекесі ғана емес, ол сонымен қатар қоғам мен экономиканың маңызды бөлігіі. Біздің аудандық нәзік жандылар ер азаматтармен тең дәрежеде түрлі салада – құрылыс, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы сияқты бағыттарда табысты еңбек етіп келеді. Олардың кәсібилігі мен адалдығы өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосуда», – деп атап өтті аудан әкімі Нұрлыбек Унербаев.

Осылайша, мерекеге орай аудан басшысы арнайы гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын өзі табыс етіп, ерекше құрмет көрсетті.

Құрметкен ие болған әйелдер қауымы да өздеріне көрсетілген ықыласқа ризашылықтарын білдіріп, өз мамандықтарын мақтан тұтатындарын жеткізді.

СПОРТТЫҚ САЙЫСТА БАҚ СЫНАСТЫ

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аудан мекемелерінде қызмет жасайтын әйелдер арасында көңілді эстафета өтті.

Іс-шара ұжымдар арасындағы ынтымақты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Спорттық сайысқа аудан орталығындағы мекемелерде қызмет жасайтын жасы 18-60 жас аралығындағы әйелдер қауымы қатысып, олар командалық түрде сынға түсті.

Эстафета барысында қатысушылар ептілік пен шапшаңдықтарын көрсетіп, әр кезең бойынша қызықты әрі тартысты тапсырмаларды орындап, сайысқа қатысушылар ерекше серпіліп  қалды.

Осылайша, спорттық жарысқа барлығы 9 команда қатысып, сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар ұйымдастырушылар тарапынан анықталды.

Нәтижесінде көңілді эстафеталық сайыста І орынды Бадамша мектеп-бөбекжай-балабақшасы, ІІ орынды №2 Бадамша орта мектебі, ал үшінші орынды Жосалы орта мектеп-балабақшасының командасы иеленді. Жеңімпаз командалар  алғыс хаттармен, медалдармен және де бағалы сыйлықтармен  марапатталды.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА