Наурыз мерекесі жаңа форматта өткізіледі
Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тәсілі туралы айтты. Биылдан бастап Қазақстанда көктем мерекесі жаңа форматта тойланады.
—Наурыз мейрамының мән-мағынасын кеңейтіп, мазмұнын байытып жыл сайын 14-23 наурыз күндері Наурызнама онкүндігі аталып өтеді. Наурыздың логотипі белгіленіп, барлық аймақтарға жолданды. Тарихи тұрғыдан алғанда Наурыз мерекесін тойлау 8-9 күнге жалғасып оны «Наурызнама» деп атаған. Бұл туралы деректер біздің философ-жазушыларымыз Махмұт Қашқари, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының еңбектерінде көрсетіліп жазылған,-деді Сәбит Барлыбаев.
Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Наурыз мейрамының төл мағынасын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өткен болатын.
Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, республика, облыс бойынша, оның ішінде біздің ауданымызда да елдік тұрғыда жаңару мен жаңа құндылықтарды қалыптастыру аясында Наурызды бірлік, бауырластық пен ынтымақ мейрамы ретінде қарастыратын жаңа тұжырымдама әзірленді. Бұл ретте еліміздің бірлігін арттырып, ұлттық болмысымызды дәріптеуге негізделген 14-23 наурыз күндері аралығындағы әр күнді қазақтың салт-дәстүрімен, мейірімділік пен қайырымдылық қасиеттерін ашып көрсетуге бағытталған «Наурызнама» тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді.
14 наурыз – «Көрісу» күні, «Амал келді-Жыл келді» көрісу күніне арналған бауырсақ, көже ұсыну. Қоғамға танымал облыстық, ауданның дамуына үлес қосқан аға буын өкілдерін құттықтау.
15 наурыз – «Қайырымдылық күні», бұл күні игі істер марафоны ұйымдастырылады. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға әлеуметтік көмектер көрсетіліп, көп балалы отбасыларға барып, мерекемен құттықтау. Ақсақалдар мен көп балалы аналарға, тұрлі салада жетістікке жеткен еңбек адамдарына ауызашар беріледі.
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні», халқымыздың кең тараған салт-дәстүрлерінің бірі балаға азан шақырып ат қою мен беташар рәсімдерін сахналау, жарапазан айту.
17 наурыз – «Шаңырақ күні», 50, 25 жыл отасқан берекелі шаңырақ иелерін құттықтау. Жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз-базарлық» сыйлықтарын табыстау. Қосестек ауылындағы спорттық кешенінде шағын футболдан турнир ұйымдастыру.
18 наурыз – «Ұлттық киім күні», бұл күні ұлттық нақыштағы киімдерімізді танымал ету мақсатында сәнді киімдер көрсетілімі өткізіледі.
19 наурыз – «Жаңару күні», бұл күн «жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» деген мәнге негізделген. Барлық аумақтар мен жолдарды тазарту жұмыстары жүргізіледі.
20 наурыз – «Ұлттық спорт күні», аудан тұрғындарының қатысуымен Ұлттық спорттан түрлі жарыстар (асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, бес тас, т.б.) өткізіледі.
21-22 наурыз – «Ынтымақ күні» мен «Жыл басы – Наурызнама күні», киіз үйлер құрылып, мерекелік жәрмеңкелер мен концерттік бағдарламалар, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Спорттық шаралар (қой көтеру, гір көтеру, қол күрес, садақ ату, арқан тарту, қазақша) өтеді.
23 наурыз – «Тазарту күні», бұл күні жаңа жылды жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы ретінде жалпыұлттық экологиялық акция өткізу. «Тазалық эстафетасы» аясында суат көздерін, аулаларды қардан, қоқыстан, мерекеден кейінгі қалдық заттардан тазарту жұмыстарын жүргізу.
Қарғалы-АҚПАРАТ