Мүгедектікті анықтау және мемлекеттік қызмет көрсету бойынша көшпелі отырыс өтті

Ағымдағы жылдың мамыр айының соңында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің №1 медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы А.Низамутдинова, бас мамандар К.Елеусизова мен Г.Тажикенова екі күн бойы ауданымызда көшпелі отырыс өткізді.

Отырыста барлығы 44 адам қаралды. Оның ішінде 7 адам алғаш рет медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтті. Сонымен қатар, орталық аудандық аурухана базасында 9 дәрігердің қатысуымен семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында сырттай проактивті тексеру, жолдаманың негізділігі мен сапасы (031у нысаны), медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдаудың тәртібі туралы өзекті мәселелер талқыланды.

Одан бөлек, оңалтудың жеке бағдарламасын (ОЖБ) әзірлеудің негізділігі, мүмкіндігі шектеулі ересектер мен мүгедек балаларды санаторий-курорттық емдеуге жіберу, оңалту орталықтарына жолдау, сондай-ақ мүгедектерге арналған тифлотехникалық, сурдотехникалық және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге қатысты көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер мәселелері де қарастырылды.

Семинар барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және лауазымдық құқық бұзушылықтардың жолын кесу бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатқаны дәрігерлердің назарына жеткізілді.

Айта кетерлігі, 2014 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған “Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы” аясында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және халықтың мемлекеттік мекемелерге деген сенімін арттыру мақсатында департамент тұрақты түрде профилактикалық шаралар жүргізуде.

Жадыра ЖҰБАНЫШОВА,

емхана меңгерушісі

ТегтерДенсаулық