МӨЛДІР- ДҮНИЕЖҮЗІЛІК КӨШПЕНДІЛЕР ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ!
8-13 қыркүйек аралығында елордада Ұлы даланы дүбірге бөлеген 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дүркіреп өтті. Бұл ұлттық спорт сайыстарында 89 елдің үш мыңға жуық өкілдері өз өнерлерін көрсетті.
21 спорт түрінен 97 медальдар жиынтығы сарапқа салынған сол сайыстарда облысымыздан 7 спортшы ел намысын қорғаған болатын.
Солардың бірі- Бадамша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем, Азия чемпионаттарының жүлдегері — Мөлдір Серікқызы.
Төрткүл дүние көз тігіп, аса тартысты өткен жарыста жерлесіміз ел намысын абыроймен қорғап шықты. Ол сегіз турдан сегіз ұпай жинап, жекелей және командалық есепте қос алтынды иемденді. Ел мерейін асырған Мөлдірдің бұл жетістігі біз үшін зор мәртебе. Олай болса, спортшымызға қараша айында Анкара қаласында өтетін әлем чемпионатында да жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектістік білдіреміз.
Қарғалы-АҚПАРАТ