МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ ЖАЛҒАСУДА
Биыл еліміз 10 жылдан бері егін жинауда рекорттық көрсеткішке қол жеткізді. Мереке әр аймақта кеңінен аталып өтті. Осы орайда 15 қарашада Астанада Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің форумы өтсе, біздің ауданымызда салтанатты мерекелік жиын өтіп, мереке мезіреті ауылдық округтерде де жалғасты.
Атап айтар болсақ, өткен аптаның жұмасынан бастап, ауыл еңбеккерлері де тойды-тойға жалғап жатыр. Ендеше, Кемпірсай ауылдық округі еңбеккерлерінің мерекелік сәтімен бөліспекшіміз. Мерекеге орай Жосалы ауылдық клубы ауыл еңбеккерлерін мерекелік мәзірмен қарсы алды.
Аталмыш мерекелік жиынға аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Айжарықов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Мадина Жакуповалар қатысып, мерейлі сәттің куәсі болып, өздерінің құттықтауларын жеткізді.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков ашып, биылғы егін жинауда рекорттық табысқа жеткен еңбекті қысқаша баяндады. Одан соң осы округте еңбек етіп, тер төккен Байтүлік Қайрат, Руслан Бижанов, Нұрымғазы Қасымов, Иван Кудря сынды бірқатар еңбек адамдарына Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығының басшысы Құсайын Сәрсембайдың Алғыс хатын табыс етті.
Ауыл өнерпаздары мерекелік әннен шашу шашып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қонақтар да ауылдық клубтың кіре берсінен бастап, қонақ жайлық танытқан ауылдықтардың шағын музей, кітапханасын аралап көріп, еңбек адамдарымен әңгіме-дүкен құрып, сұхбаттасып, ой бөлісіп, арқа-жарқа болысты. Мерекеге орай думанды кеш ұйымдастырған ауылдастарына мереке иелері де ризашылықтарын білдіріп, еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік тіледі.
Тілек БЕГАЙДАРОВ