Мерейлі мамандық  иелеріне құрмет

12 мамыр бүкіл әлемде мейірбикелер күні атап өтіледі. Денсаулық адамның ең басты байлығы. Қашанда дертімізге шипа болатын ақ халаттылар еңбегі зор. Өлім мен өмірдің таразысына түскенде алғаш қол ұшын созар мамандық иелері қай кезде де құрметке лайық. Осы орайда  аудандық аурухананың мәжіліс залында салтанатты шара өтіп, мереке иелері құрметке бөленіп, марапатталды.

Аталмыш марапаттау кешінде аудандық ауруханасының салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің медбикесі, медициналық статистигі — Бактыбаева Майра Жолшорақызы Қазақстан Республикасы «Орта медициналық қызметкерлердің Ақтөбе Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі атынан мерекелік медальға ие болды.

Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Н.Тымпиев пен «QAMQOR» денсаулық сақтау кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қ.Сабырдың Алғыс хаттарымен аудандық аурухананың терапия бөлімінің медбикесі Галя Тажигреева мен хирургия бөлімінің медбикесі Жаннур Ташименова марапатталды.

Және де Шәмші Қалдаяқов амбулаториясының медбикесі Дина Шокановаға облыс әкімі Асхат Шахаровтың алғыс хаты, ал Петропавл орта мектебінің медбикесі Светлана Мунарбаеваға ҚР «Қызыл ай қоғамы»  Ақтөбе облыстық филиалының директоры Н.Үдербайдың алғыс хаты табыс етілді.

Сонымен қатар, бұл күні емхана медбикесі Сакып Сарсенгалиева мен  Степной дәрігерлік амбулаториясының медбикесі Асыл Бекбосынова Ақтөбе облысындағы «Қазақстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің «МЕЙІРІМ»  төсбелгісіне ие болды.

         Мерейлі мамандық иелеріне деген құрмет аз болмады. Біршама аурухана және мектеп медбикелері алғыс хаттармен, оған қоса естелік сыйлықтармен марапатталды.

         Медицина — жауапкершілігі мол сала. Сондықтан да, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін олардың адалдығына басын иеді. Медбикелер – шеберлік пен білімді ұштастырған, жан-жақты, күтім процесіне толығымен жауапты, мейірімділік көрсететін жандар. Ендеше, қиын да жауапкершілігі мол саладағы еңбектеріңіз жана берсін демекпін.

Бақыт ИМАШЕВ

ТегтерМарапат