Менингококк инфекциясының алдын алу  

Менингококкты инфекция – ауа-тамшылы жолмен тарайтын, назофарингитпен және жалпы қызбамен, мұрын-жұтқыншақтың шырышты қабықтары мен жұмсақ ми қабықшасының зақымдануымен сипатталатын жіті жұқпалы ауру. Инфекция көзі – ауру адам, бактерия тасымалдаушы.

Қоздырғыштар алдымен мұрын-жұтқыншақ, қан тамырлары немесе лимфа түйіндеріне түсіп, бас және жұлын миының қабықшаларының қабынуына алып келеді. Адамдар арасындағы тығыз қатынас, әсіресе жабық мекеме жағдайы аурудың тез таралуына әсерін тигізеді. Ауру кез-келген жастағы адамдарды зақымдауы мүмкін, көбіне жас балалар ауырады. Адам ағзасындағы иммунитеттің төмен болуы инфекцияның дамуына ықпал жасайды.

Менингококкты инфекцияға мерзімділік тән. Науқастардың саны жылдың ылғалды және суық маусымдарында өсіп, наурыз-мамыр айларында жоғарғы деңгейге жетеді.

Менингококк инфекциясы клиникалық ағымы бойынша оқшауланған (менингококк тасымалдаушылық, назофарингит) және жалпыланған (менингит, менингококкцемия, аралас) түрлерге бөлінеді. Инкубациялық (жасырын) кезең екі күннен он күнге дейін немесе екі-төрт күнге дейін жалғасады.

Менингококк инфекциясының негізгі белгілері: қатты бас ауруы, дене температурасының 38-40 С С дейін көтерілуі, қызба, жүрек айну, құсу, бөртпе, арқа мен аяқ-қолдың ауыруы, тәбеттің төмендеуі, әлсіздік.

Өзіңізді және жақындарыңызды инфекциядан қорғау үшін келесі шараларды ұсынамыз:

1) ағзаны шынықтырып, иммунитетті күшейту;

2) бөлмеге ылғалды жинау жұмыстарын жүргізіп, жиі желдету;

3) жеке бас гигиенасын сақтау, дәретханаға барғаннан кейін және тамақ ішер алдында қолды мұқият сабындап жуу;

4) адамдар көп жиналатын жерлерге, сауда-ойын-сауық кешендеріне, нашар желдетілетін үй-жайларда өткізілетін мәдени-көпшілік іс-шараларға баруды шектеу, қоғамдық орындарға кірер кезде бір реттік бетперделерді қолдану;

5) дене қызуы 40◦С көтерілген, қатты бас ауырған, тоқтаусыз құсқан, денеде бөртпелер пайда болған кезде уақтылы медициналық көмекке жүгіну.

Айнагуль БЕРЖАНОВА,

аудандық санитариялық – эпидемиологиялық

бақылау басқармасының басшысы