Мемлекеттік тілдің маңызы
Қазақ халқының ұлы ойшылы, қайраткері, ағартушысы, көрнекті ғалымы, ұлтымыздың мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы атамыз: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп толғаған болатын.
Әр халықтың өміріндегі ең маңызды нәрсенің бірі оның мемлекеттік тілі болғандықтан барлық мемлекет оның сақталуына, гүлденуіне үлкен мән беруі қажет. Біздің елімізде де мемлекеттік тіліміздің сақталуы, дамуы, қолданыс аясының кеңеюі мәселесіне зор мән беріледі.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі» деп жазылған. Бұған қоса, «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі Заңының 4-бабында «Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазылған. Заң аясында атқарылып жатырған істер баршылық. Ал, заң ғана емес қоғамның басқа да түрлі салаларында мемлекеттік тіліміздің өркендеуі, көркеюі, дамуы барлығымыздың басты мақсаттарымыздың бірі болуға тиіс.
Тіліміз – халқымыздың сарқылмас рухани қазынасы, кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдыратын басты байлықтарының бірі. Сондықтан да мемлекеттік тілімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, қызғыштай қорып, үнемі жанашырлықпен қарап отыруымыз қажет.
Нурлыбек Кадиров,
Қарғалы аудандық соты әкімшісінің басшысы