Мемлекеттік қызметшілерге заң талаптары күшейтілді
Әр мемлекетте мемлекеттік қызметшілердің этикасы мен мінез-құлқына үлкен мән беріледі. Этикалық нормаларды сақтау мемлекеттік қызмет жүйесінде ерекше орын алады.
Бүгінгі күні елімізде құмар ойынға тәуелді болу, бәс тігу қоғам дертіне айналды. 2022 жылы прокуратора органдары құмар ойындарға қатысы бар 300-ден астам мемлекеттік қызметшіні анықтады. Олар құмар ойындарына және бәс тігуге 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсаған. Осы қоғамға жат мәселені алдын алу мақсатында ауданда мемлекеттік қызметшілерге үнемі түсіндіру және профилактикалық жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге заң талаптары күнбе күн күшейтіліп келе жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заң қабылданып, 2024 жылғы 9 қыркүйекте заңды күшіне енді.
Ендігі жерде мемлекеттік қызметшілерге, әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысуға бәс тігу тыйым салынды. Жаңа шектеулерге байланысты егер мемлекеттік қызметші немесе әскери қызметшіге құмар ойындарына қатысу немесе бәс тігу дерегі орын алған жағдайда ешқандай ескертусіз мемлекеттік қызметші қызметінен босатылады.
Сондай-ақ, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерінің 12-бабының 1-тармағы мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салуды көздейтін 6-тармақшамен толықтырылды.
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты қоғамдық пікірді қалыптастыру белгілі бір дәрежеде олардың қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына байланысты. Осы бағытта Әдеп кодексінде мыналар көзделген:
— Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қарапайымдылық танытуға, тиісті қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қол сұғумен ұштасатын қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.
Мәселен, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің 3-тарауының 6-тармағының 10) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер қызметтік міндеттерін атқаруға байланысты жағдайларды қоспағанда, ойын мекемесіне барудан бас тартуы қажет.
Заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес адамдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдамауы лауазымға қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға (атқаратын лауазымынан босатуға, өкілеттіктерін тоқтатуға) әкеп соғады, олардың сақталмауы жұмыстан шығаруға негіз болып табылады (атқаратын лауазымынан босатылады, өкілеттіктерін тоқтатады).
Жоғарыда аталған заң жобасы заңды күшіне енгеннен кейін, атап айтқанда 2024 жылғы 9 қыркүйекте құмар ойындарға қатысу фактілері туралы мәліметтер келіп түсетін лауазымды тұлғаларға қатысты атқаратын лауазымынан босатылғанға дейін тәртіптік сипаттағы шаралар күшейтіледі.
«eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы букмекерлік сайттарда тіркелудің алдын алу үшін онлайн форматта құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды ерікті түрде өзін-өзі шектеу бойынша сервис іске қосылған болатын.
Мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік саясатты ұстануға және оны дәйекті түрде жүзеге асыруға, қоғамның мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына деген сенімін сақтауға және нығайтуға ұмтылуға тиіс.
Қоғам мемлекеттік қызметшілер өз міндеттері мен функцияларын заңдарға сәйкес барлық адалдықпен құзыретті және тиімді орындайды деп есептейді.
Мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және аудандағы халыққа қызмет көрсетіп отырған жалпы 93 мемлекеттік қызметшілерге қызметтік этикасына жоғары талаптар қойылды.
Ж.ИМАНГАЛИЕВА
Қарғалы ауданы бойынша Әдеп жөніндегі уәкіл