Мемлекеттік қызметшілер ант қабылдады

Бүгін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті жанынан құрылған «Тәлімгерлер кеңесі» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті.

Жиынның мақсаты – жаңадан тағайындалған мемлекеттік орган басшыларының кәсіби бейімделуіне көмек көрсету, жас мемлекеттік қызметшілердің өз тәжірибелерімен бөлісуіне, ардагерлерден ақыл-кеңес алуына жағдай жасау. Кеңес жеті адамнан тұратын мемлекеттік қызметте беделді еңбек еткен ардагерлерден жасақталған.

Отырысқа мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері, жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдері, жаңадан тағайындалған басқарма басшылары, аудандық әкімінің орынбасарлары, аппарат басшылары, ант қабылдайтын жас мемлекеттік қызметшілер мен жас мемлекеттік қызметшілер мектебінің тыңдаушылары қатысты.

Басқосуда жуырда тағайындалған Ақтөбе облысының тілдерді дамыту, ветеринария, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, индустриялық-инновациялық даму және кәсіпкерлік басқармаларының басшылары осы уақыт ішінде атқарған жұмыстары және алдағы жоспарларымен бөлісті. Ал кеңес мүшелері өз тәжірибелерімен  бөлісіп, жаңа басшыларға кеңестерін айтып берді.

Сондай-ақ отырыста алғаш рет мемлекеттік қызметке тағайындалған жас мемлекеттік қызметшілер ант қабылдап, Тәуелсіздік мерекесіне орай бірнеше мемлекеттік қызметші департамент басшысының Алғыс хатымен марапатталды.

aqtobegazeti.kz