Мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін абройлы міндет. Сол себепті 23 маусым-мемлекеттік қызметшілер күніне орай  аталмыш сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Осы орайда аудан әкімі Асқар Жүсібалиев кәсіби мерекелерімен құттықтап, ауданымыздың көркейюі мен дамуы, әрбір тұрғынның мұң-мұқтажының уақытылы шешімін табуы мемлекеттік қызметшілердің еңбегі мен білім-біліктілігіне байланыстылығын айта келе, өңірімізді өркендету жолындағы еселі еңбектеріне шынайы ризашылығын білдірді.  Сонымен қатар, ауданның басқару саласында табысты да адал еңбек етіп, өз ісінің үздігі болып жүрген бірқатар азаматтарға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хаттарын табыс етті.

Кәсіби мерекеге арналған кездесуді аудан басшысы қорытындылап,  аудан әкімдігі атынан аудан және ауылдық округ әкімшіліктерінде еңбек етіп жүрген қызметкерлерді де алғыс хаттармен марапаттады.

Сондай-ақ, 23 маусым — ҚР Мемлекеттік қызметшілер мен Қазақстан Полициясы  күніне орай мемлекеттік мекемелер арасында волейболдан жарыс ұйымдастырылды. Тартысты бәсекеде жүлделі І орынды «Қарғалы ауданы әкімінің аппараты» құрама командасы, ІІ орынды «Аудандық бөлімдер» командасы, ІІІ орынды «Ауылдық округ» командасы иеленіп, белсене қатысқаны үшін «Аудандық полиция бөлімі» командасы марапатталды.

Қарғалы-АҚПАРАТ