МЕЙІРІМДІЛІК ПЕН ІЗГІЛІК ЖАРШЫСЫ
Маусым айының үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні
Медицина – тамырын тереңге жіберген, жүрген ізі мен жолы мың жылдықтармен есептелетін ерекше мамандықтардың бірі.
Ал сол адамзатқа саялы үлкен бәйтерек дейтін болсақ, әрбір оның саласы бәйтеректің тамыры. Адам қандай іске қабілетті болса, сол саланың майталманы болуы керек. Жалпы алғанда аудандық ауруханаға қарасты 200-дей адам өз мамандығын қадір тұтып, денсаулық саласында еңбек етсе, кіші буынға ақылшы болып жүрген 40 дәрігер бар. Біз де ақ халаттылар мерекесі алдында әр салада еңбек ететін дәрігерлермен тілдескен едік.
Медицина саласы жауапкершілігі мол, жүгі ауыр мамандықтардың бірі. Медбикенің жұмысына ең қажет нәрсе – өз ісіне және науқастарға жауапкершілікпен қарау. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды.
Осы орайда біздің әңгіме етпегіміз, бойындағы жылылық сезімін науқастарға шашып жүрген, жүзі жылы, аудандық ауруханасының терапия бөлімінің дәрігері — Жадыра Тасырбекқызының еңбек жолы жайында болмақ.
Медицина саласындағы терапиялық емдеу қызметін биік қойған Жадыра Жұбанышова 1987 жылы тамыз айында Қызылорда облысы, оның ішінде әлемге әйгілі ғарышкерлер қаласы атанған Байқоңырда дүниеге келген. Ол әкесі Тасырбек пен анасы Гүлсімнің отбасындағы тұла бойы тұңғышы.
2004 жылы Байқоңыр қаласындағы №8 орта мектебін бітірген жас түлек, өзіне бала кезден арман болған дәрігерлік мамандығын меңгеру мақсатында Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің «Емдеу ісі», дәлірек айтқанда терапия бөліміне оқуға түседі. Арман алдамайды дегендей, қалаған мамандығының ең алғаш сатысын 2011 жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы, қазіргі еңбек етіп жүрген, аудандық ауруханадан бастайды.
Отбасы жайын сөз ете кетсек, әкесі Тасырбек инженер механик, анасы есепші болып қызмет жасаған. Қазіргі таңда зейнеткерлік жастағы ата-анасы Байқоңыр қаласында тұрады. Өзінің артынан ерген сіңілісі аудан орталығындағы «Айгөлек» балабақшасында тәрбиеші, ал екі інісі Байқоңыр ғарышкерлер мекемесіндегі Ресей төтенше жағдайларды қорғау саласында қызмет етеді.
Жолдасы Орал өңірінің азаматы Маралмен 2009 жылы отау құрып, бүгінгі күні төрт бала өсіріп отырған жарасымды отбасы. Балаларының үлкені Алихан 8 сынып оқушысы. Жаста болса домбыраны өміріне серік етіп, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, ата-анасын қуантып жүр. Жолдасы Марал жеке қожалықтың иесі, мал өсірумен айналысады.
Жадыра да еңбегімен көпке сыйлы маман. 2020 жылы кеселі елге кесапат болған тажал ауру пандемияның кезінде аудандық аурухананың осы ажалға қарсы бөлімінде қайсарлықпен күні-түні еңбек еткен ақ халаттылардың бірі. Осынау соғыссыз майданда ерлікке тұражақ еңбек еткендерге шынайы ықыласын білдірген ел Президенті құттықтап, марапатталғандар арасында Жадыра да болды. Аталмыш еңбегі үшін «Халық алғысы» медалының иегері атанды.
Кәсіби мамандығымен қатар 2014-2022 жылдар аралығында ауруханадағы кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін де қосымша атқарып, әріптестерінің әлеуетін көтеруге ықпал еткен. Жылы жүзді, ақ халатты дәрігер қажырлы еңбегіне қарай, марапаттан да кенде емес. Аудан әкімі, аудандық аурухана әкімшілігі, облыстық денсаулық сақтау мекемелерінің алғыс хаттарымен бірнеше рет марапатталған. 2021 жылы «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі таққан «Үздік» төс белгісі еңбегін бағалар марапаттарының бірі.
Жадыра жоғарыда айтқанымыздай, сәлемі түзу, емі дертке дауа, сөзі жаныңды жадыратып, жылылық лебін шашар жан. Халық алғысына лайық ақ халатты абзал жанға ел алғысы шексіз.
Бақыт ИМАШЕВ