МЕЙІРБИКЕ МЕРЕЙІ

Денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсетудің сапасы көбіне мейірбикелердің жұмысына байланысты десек артық емес. Себебі, емделушілердің қасында күні-түні осы ақ халаттылар жүреді.
Осындай жауапшылығы зор жұмысты 26 жыл абыроймен атқарып келе жатқан мейірбикенің бірі — Қолаңшаш Ақбергенқызы. Ол қазіргі таңда аудан орталығындағы емханада хирургия бөлімінің медбикесі болып еңбек етіп келеді.
Олай болса кейіпкеріміздің өмір жолын баяндай кетсек, оның кіндік қаны тамған жері Арал қаласы. 2003 жылы дәм айдап, ауданға қарасты Қайрақты ауылына қоныс аударады.
Есімін атасы қойған Қолаңшаш Баймуханова 1969 жылы мамыр айында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Ақберген ҰОС-ның ардагері, сондай-ақ, ауылына танымал ұста болған. Ал анасы 7 баланы дүниеге әкелген көп балалы ана. Әкелері 1977 жылы дүниеден өткеннен кейін, анасы жеті баланы жеткізу мақсатында біраз өмір тауқыметін тартады. Жеті баласы жетілген шағында 2008 жылы анасы да дүниеден озады.
Отбасында бес ұл мен екі қыз. Екі қыздың бірі Қолаңшаш бала кезінен дәрігер болып ойнап өседі. Бала күнгі арманы орындалып, кейіпкеріміз дегеніне жетіп, бүгінгі таңда аудан жұртына танымал мейірбике.
1986 жылы мектеп бітіргеннен кейін ауылда 1 жылдай жұмыс жасап, жастайынан армандаған мамандығын меңгеру үшін 1987 жылы Жезқазған қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсіп, оны 1989 жылы бітіріп шығады. Ең алғашқы еңбек жолын Арал қаласындағы учаскелік емханада медбике болып бастайды.
2003-2019 жылдар аралығында Қайрақты учаскелік емханасында медбике болып еңбек етеді. Одан соң 2019 жылы Бадамша ауылына қоныс аударып, сол аудан орталығындағы емхананың невропатолог бөліміне медбике болып орналасады.
Қазіргі уақытта 2022 жылдан бері емхананың хирургиялық бөлімінің медбикесі қызметін атқарып келеді. Еңбегіне қарай аудандық, облыстық денсаулық сақтау басшыларынан алған марапаттары да жетерлік. Кейіпкеріміз білікті маман болуымен қатар, ортасына сыйлы, көпшілікке қадірлі қарапайым жан. Бүгінгі күні жолдасы Жұмабек екеуі бала тәрбиелеп отырған жарасымды жанұя. Қызы Нұргүл анасының жолын қуып, жедел жәрдем бөлімінде фельдшерлік қызмет атқаруда.
Расында, мейірбике ісі – жауапты әрі адалдық пен жанашырлықты қажет ететін ма мандық. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Өйткені, сырқат жанды ең бірінші болып күтіп алып, шығарып салатын сол. Олай болса, кейіпкеріміз Қолаңшаш та еңбек жолын алғаш бастағаннан күні бүгінге дейін мейірбикелік істің қыр-сырын меңгеріп, мол тәжірибе жинаған жан.
Бақыт ИМАШЕВ