«Мәртебелі кітап» апталығы басталды

Ағымдағы жылдың 16 сәуір күні аудандық орталық кітапханада Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған республикалық «Мәртебелі кітап» атты апталықтың ашылу салтанаты өтті.

Бұл шараның мақсаты – кітаптың қоғамдағы рөлін айшықтап, кітап оқу мәдениетін дәріптеу, сондай-ақ, оқырман мен кітапхана арасындағы байланысты жандандыру.

Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ұлттық кітап күнін атап өтуді ұсынынған еді. Президент өз сөзінде: «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз»,– деді.

Осылайша, Қаулы 2024 жылғы 16 шілдеден бастап қолданысқа енгізіліп, нәтижесінде Үкімет қаулысы бойынша, Қазақстанда жаңа мереке “23 сәуір — Ұлттық кітап күні” болып бекітілді.

Апталықтың ашылуына Бадамша мектеп-бөбекжай бақшасы мен №2 Бадамша орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары, сондай-ақ, кітапхана оқырмандары қатысты.

Шараны ең алғашқылардың бірі болып аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Дидар  Сайфуллаұлы айтулы мерекемен құттықтап, өзінің лебізін білдірді.

Одан соң жергілікті жас ақын, «Күміс қалам» иегері Жомарт Баймұхан сөз алып, кітап пен оның құндылығы жайында айта келе, жас оқырмандарды кітаппен дос болуға шақырды. Сондай-ақ, ол өңірлік ақын Мейірхан Ақдәулетұлы мен  өз қоржынынан өлең шумақтарын оқып берді.

Сонымен қатар, кітапханашылар оқырмандар назарына «Кітап-өркениет айнасы» атты кітап көрмесін таныстырып, ұлттық әдебиет жауһарлары мен сирек кездесетін басылымдарды оқырмандар назарына ұсынды. Соңғы үлгідегі заманауи кітаптар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Оған қоса қатысушылар арасында викториналық сұрақтар жасырып, жауап берген оқырмандарға естелік сыйлықтарын табыс етті.

Шара соңында «AMANAT» партиясының Қарғалы аудандық  филиалдың атқарушы хатшысы Надежда Заглядова кітапхана оқырмандарын  мерекемен құттықтап, рухани орда қызметкерлерінің еңбегін бағалап, оларға алғысын білдіріп, аудандық кітапхананың қоржынына «Альманах непознанного» атты кітабын сыйға тартты.

Осылайша, рухани кешті аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Нұргүл Мысаева қорытындылап, бұл күннің маңыздылығына тоқтала келе, апталықта әдеби кештер, оқырмандар конференциясы, интеллектуалды ойындар, өлкетану күні, кітапхана түні, ашық есік күні, «Кітап-достық амбасадоры» атты кітапханаға кітап сыйлау акциясы ұйымдастырылатынын атап өтті. Оған қоса «Ұлттық кітап» күнімен барша оқырмандарды құттықтап, осы орайда 16-23 сәуір аралығында өткізілетін апталыққа белсенділік танытуға шақырды. Сонымен қатар, кітапхананың тұрақты оқырманы Светлана Пухқа  алғыс хат пен естелік сыйлығын табыс етті.

Апталықтың ашылуында республикалық «Халық аспап» байқауының домбыра жеңімпазы Дәулет Жаныс өз өнерін көрсетіп, көрермендердің  ерекше ықыласына бөленді.

Олай болса, «Мәртебелі кітап» апталығы – тек рухани емес, мәдени тұрғыдан да маңызы зор шара. Мұндай игі бастамалар ұлттың ұлы мұрасы – кітапты дәріптеуге, келешек ұрпаққа аманат етуге жол ашады.

Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА