Мәңгілік ерлікке тағзым

Бұл айтулы сәт Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келді. Сондықтан ерлікке тағзым шаралары ауқымды өтіп жатыр.

Батырдың мерекесіне дайындық жұмыстары ерте басталды. 100 жылдыққа арналған логотип бекітіліп, онда батыр қыздың бейнесі, қазақтың ұлттық оюы мен «100 жыл» деген белгі ерекше үйлесім тапты. Ақтөбеден шығатын барлық өнімде осы логотип бейнеленді. Бұл — батыр рухына ұрпақтарының тағзымы.

Ғасыр тойын атап өту жоспарына сәйкес облыстық деңгейде 100-ден аса іс-шара өтті. Мерейтой республикалық салтанатты шаралар тізіміне енгізілді. 100 жылдық қарсаңында Бұлақ ауылындағы Әлия ауылдық клубы, «Әлия» патриоттық тәрбие беру орталығы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы мемориалды музейге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Басқа да мәдени-әдеби, руханияттық ауқымдағы көптеген жиындар өтті.

«Ғасырларға жалғасқан ерлік» форумы,  Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі мен облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі таныстырулар, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрындағы «Әлия» мюзиклінің премьерасы, өңір жұртшылығы мен алыс-жақыннан келетін қонақтар үшін арнайы дайындалған рухани-мәдени шаралар  батыр рухын ұлықтауға бағытталған. Батыр қыздың ерлігін ел жадында жаңғыртып, жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастыру — біздің міндетіміз.

…Әлия Қобданың Бұлақ ауылында дүниеге келіп, Ресейдің Новосокольники ауданында ерлікпен қаза тапқан. Оның жиырма жасқа да жетпеген келте ғұмыры — көпке үлгі.

Әлия есімі — қашанда ел жадында. Ол талай әнге, жырға арқау болды.

Құрметті, облыс тұрғындары  мен қонақтары!

Сіздерді Кеңес Одағының Батыры, қаһарман Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған Ақтөбе қаласы мен Қобда ауданында 12-13 маусым күндері өтетін мерейтойлық шараларға белсене қатысуға шақырамыз.

Әлия апамыздың ерлігі ескірмейді. Ол ұрпақтан-ұрпаққа аңыз боп жете береді, патриотизмнің үлгісі болып қалады.

Асхат ШАХАРОВ,

Ақтөбе облысының әкімі