Мамандыққа баулу мекеменің межесі
Бұл әлеуметтің әлеуетін көтеруге септігі мол мекеме. Бұған дейін халықты жұмыспен қамту орталығы болып келіп, 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Мансап орталығы болып қайта құрылды.
Аты айтып тұрғандай «мансап» сөзінің бірнеше мағынасы кезігеді. Яғни әр адам өз өмірінде лайықты мансапты таңдау мәселесіне көңіл бөліп, белгілі бір табыстарға қол жеткізгісі келеді деген ұғым бар.
Бүгінгі біздің айтпағымыз, алдына келген адамдардың атақ дәрежесін өсіріп, мансабын бірден көтермесе де, қоғамда өз орнын тауып, қызмет жасауға бағыттап, жұмыс пен білімге жетелеуге себепші болып жүрген аудандық «Мансап» орталығының жұмысы жайлы сөз етпекшіміз. Сондай-ақ, бұл орталық жастардың мансаптық және кәсіби өсуі үшін тиімді жүйе құрып, әлеуметтік осал топтағы жандарға көмек көрсетеді.
Осы орайда жұмыссыздарға жөн сілтеп, еңбекке баулып, жастарға да түрлі бағытта көмек беріп жүрген орталықтың басшысы Саясат Спанды әңгімеге тартқан едік.
-Саясат Жеңісұлы, Мансап орталығының пайда болғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Десе де, біраз тұрғынның алғысын алып, тұрақты қызметке орналасып, шаруаларын дөңгелетіп үлгерді. Олай болса, орталықтың жұмысы жайында нақты айтып өтсеңіз?
-Орынды сұрақ, әлеуметтік сала құрылымы ұдайы өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан да, бұл орталық қызметкерлерінің міндеті ауданымызда туындайтын әлеуметтік мәселені шешуге жұмыстану болып табылады.
Атқарылған жұмыстарға тоқталар болсақ, кәсіпкерлікті қолдаудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының «Ұрпақтар келісімшарты» — жобасына 5 жасты жолдау жоспарланып, 7 азамат жолданды.
Жастар практикасына 86 адамды қамтуға бөлініп, 2023 жылы 86 түлек жалақыны толығымен субсидиялау шартымен жастар тәжірибесіне жолданды, 51-і аяқтап, оның ішінде 30-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды (59%).
Алғашқы жұмыс орындарына 2023 жылға 15 жұмыссызды жолдау жоспарланған. 2023 жылы алғашқы жұмыс орындарын ұйымдастыруға ниет білдірген 8 жұмыс берушілерге 10 жұмыссыз азаматтар жолданды. Алғашқы жұмыс орынға жолданған жұмыссыз азаматтардың айлық мөлшері 30 АЕК, мерзімі-18 ай.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 80 жұмыссызды жолдау жоспарланған. Бүгінгі күнге 51 жұмыс берушіге 81 жұмыссыз азамат жолданды. 37-сі аяқтап, оның ішінде 25-і тұрақты жұмысқа орналастырылды (67%).
Ақылы қоғамдық жұмысқа 305 жұмыссыз азаматтарды жолдау жоспарланып, 309 азамат жолданды. Оның 309-ы аяқтап, тұрақты жұмысқа орналастырылды (101%).
«Күміс жас» жобасына — 90 адамды жолдау жоспарланып, бүгінгі күнге 55 жұмыс берушіге, 90 адам жолданды.
-Саясат Жеңісұлы, әңгімеңіз үшін рахмет.
— Қазіргі қоғамда жұмыссыздықты жою мәселесі күн тәртібіндегі ауқымды тақырып. Міне, сол мәселенің мәнін шешу үшін аталмыш орталықтың маңызы зор. Себебі, мансаптық орталық қызметінің мақсаты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды ұйымдастыру және атаулы әлеуметтік көмек көрсету болып табылады. Бұл бағытта ауданымызда атқарылған жұмыстар аз емес. Жобалар мен белсенді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ