Мамандық таңдау маңызды қадам

 Әр жылғы мектеп бітіру науқаны қайда оқуға барам, кім болам деген жастардың армандарына жетелер кезең. Әрине, мамандықтың жаманы жоқ. Тек өзіңе азық болар мамандықты таңдай білу басты мәселе.

Біз де жас түлектерге бағыт-бағдар беру мақсатында ауданымыздағы Бадамша агро-техникалық колледжінің директоры Қайрат Каракуловты әңгімеге тартқан болатынбыз.

-Қайрат  Серікұлы, өзіңіз жетекшілік етіп жүрген оқу орны жайында кеңірек айтып өтсеңіз?

-Сауалыңыз орынды. Өзіңіз жоғарыда айтып өткендей, мектеп бітіруші түлектердің қайда барам, кім болам деген тебіреніс сәттеріне тұспа-тұс келіп тұр. Баршаға белгілі біздің ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын оқу орнының тарихы әріден басталады.

Әлімбет ауылында 1935 жылы ауыл шаруашылығының қажетіне қарай байланысшы, радио операторлар, слесарь, токарь, комбайн тракторшы мамандықтарын дайындайтын фабрика зауыт мектебі болып ашылады. 1950 жылы 3 кәсіптік техникалық училище  болып  қайта жасақталып, құрлысшы, кіші ветеринар, фелдьшер, тракторист-машинист, К700 тракторисі, ауыл шаруашылығының электр монтёрлары сынды мамандықтарын дайындаумен толықтырлады. Кезінде әр оқу жылында  300-400 студентке  дейін  білім алып, жергілікті оқушылармен  қатар, кеңестік кезіндегі одақтас болған Ресей, Беларусь, Украин, Молдаван жастары да оқуға келіп, осы жерден білім алған. Сондай-ақ, бүгінге дейін Германияданда Әлімбет училищесін бітіргенмін деген аға буын азаматтарды кездестіруге де болады.

Училище 1980-1990 жылдары әйелдер мен балалардың жеңіл киімдердін тігу, кондитерлік, автокөлік жүргізушісі, электр-газбен дәнекерлеуші ауылшаруашылығының бухгалтері, фермер-арендатор мамандықтарын дайындауды қолға алады. Шаруашылықтар тарап, жекеге өткен 1990-1998 жылдар аралығында оқуға келушілер азайып, қожыраған кездер де болды. 2002 жылы училище Әлімбет ауылынан Бадамша ауылына көшіріліп, Пацаев көшесі 11Б ғимаратын жалға алып, өзіміз жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыстырылып-қымтырылған кездер де болды.

Қысқаша айтқанда, келер жылы 90 жылдық тарихы бар Әлімбет  кәсіптік-техникалық училищесі ҰОС кезінде тылға, 1954 жылдардан бастап тың және тыңайған жерлерді игеру ауылшаруашылығына қажетті мамандар дайындаған кәсіби оқу орындардың бірі болып тарихта қалары анық.

2012 жылдан бастап кәсіби техникалық училище Бадамша агро-техникалық колледжі болып өзгеріп, оқу бағдарламалары  жаңа бағытқа көшті. Басында орын жеткіліксіз болып, техникалық база толық болмай, қиналған кездер артта қалды.

-Олай болса, колледждің қазіргі күйі қалай, қандай мамандықтар оқытылады және де білім алып жатырған студенттер саны қанша?

-Қазіргі уақытта «Жағдайымыз жақсы біздің де» деп әндеткендей,  2021 жылы өз алдымызға жеке ғимарат бұйырды. Әйтеке би көшесі 17 Б үйде 1617 шаршы метр аумағы бар мекенде қызмет етіп жатырмыз. Ғимарат кең,  бөлмелері жарық, жедел жүйелі интернет, спорт зал, кітапхана, мәжіліс залы бар. Сондай-ақ, алыстан келіп оқитындарға күніне 3 мезгіл ыссы тамақ берілетін асханасы да бар. Заман талабына сай ғимаратта  32 кәсіби білім беретін қызметкермен маман дайындаймыз. Колледжде 4 мамандықтың 6 біліктілігі бойынша мамандар оқытылады. Айта кету керек, қажеттілігіне қарай қосымша мамандықтар дайындауда қарастырылған.

Қазіргі уақытта электр-газ дәнекерлеуші, есеп және аудит, ауылшаруашылығын механикаландыру, тамақтануды ұйымдастыру түрлері бойынша мамандар дайындаймыз.

Бүгінгі таңда 150 студент білім алады. Оқытумен қатар, өндірістік тәжірибе базаларын ұлғайту негізінде әлеуметтік серіктестіктердің атқарар рөлдері айтарлықтай зор. Жалпы айтқанда  колледжіміз 27  кәсіпорындармен әлеуметтік серіктестік келісім-шартта отыр. Жалпы ережеге сай  біздің студенттерімізде жеңілдіктерді ала алады. Жақсы оқып көзге түскендерге шәкіртақылар төленеді. Осындай қамқорлықты сезінген шәкірттеріміз де оқу-тәртіптерімен көзге түсіп, елге танылып жүр.

-Оқу орнының жетіп жүрген жетістіктеріне тоқталып өтсеңіз?

— Ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз де аз емес. Аудан, облыс көлемінде өтетін қандайда іс-шара болмасын белсене қатысатын шәкірттеріміз де баршылық. Айтпағым қазіргі жаһандану дәуірі жаңа технологиялық қарқынды  өмірімізде түбегейлі және жаңа бағытта қармануды жүктейді. Адам капиталына, білім саласына қойылатын талаптар мүлдем өзгеше. Сапалы білім қарқынды дамудың басты шартына айналды. Ұлы Абай атамыз сынға салған «Масылдық қоғам, ешқашан  жақсылық әкелген емес» дегенді түсінген жастарымыз,  тек біліммен қаруланып, еңбекке  ғана арқа сүйеуі тиіс дей келе, Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен мұғалімдердің тамыз кеңесіндегі бір сөзінде техникалық жоғары кәсіптік білім беретін ұйымдарын дамытуға кешенді түрде жаһандануды тапсырған болатын. Ендеше, ауылдықтар да көштен қалмай, өздеріне қажетті маманды дайындауға ат салысса дегім келеді. Біз сөз етіп отырған аудандағы кәсіби білім беретін орында барын салып, ел игілігі үшін сапалы маман дайындауды қолға алып келеді. Ағымдағы 2023-2024 оқу  жылы  қорытындылар уақыт та жақын. Атап айтар болсам, колледжіміз биылғы «Woribskilss» өңірлік чемпионатына алты құзіреттілік бойынша қатысып, нәтижесінде «Слеасарлық ісі» бойынша 2 орынға, «Әлеуметтік ісі»,  «Үнемдеу өндірісі» құзіреттілігі бойынша  3 орынға ие болды. Оқушыларымыздың оқу сапасы жақсарып, білім жетілдіру курстарына белсене қатысып, облыстық,  республикалық байқаулардан  да жүлдемен оралып жүр. Биыл  65 талапкерді оқуға қабылдауды жоспарлап отырмыз.

Тоқсан ауыз сөзімнің тобықтай түйіні, Елбасымыздың кәсіби білімді жетілдіру бағытындағы тапсырмасын біздің колледжіміз де дуалды оқыту жүйесімен 77 пайыз студенттерімізді біліммен нәрлендіріп, теория мен практикалық білімді ұштастыра отырып, әрбір түлегімізге өз ісінің жетік маманы болсын деген мақсатта сапалы білім беруге бар білген тәжірибемізді жұмсаудамыз. Біздің білім ордасынан білім алам деген жастың жігерлі де талапты,  білімді болып биіктен көрінгені біздің еңбегіміздің қайтқаны.

— Әңгімеңізге рахмет!

Олай болса, бастауы әріден ауылшаруашылығы мамандарын дайындап келе жатқан кәсіби білім ошақтарыңыздың 90 жылдық мерейтойы толағай табыс пен  нәтижелі жетістіктер алып келсін!

Сұхбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ