Малдың тілін тапқан маман
Қай мамандық болмасын өзіндік орыны бар. Олай дейтініміз қоғамдағы қажеттілігіне қарай қадірлі. Көптеген кәсіп иелерінің ішінен, біздің сөз еткелі отырғанымыз, тілсіз жануардың ауруын дөп баса тауып, аянбай еңбек етіп жүрген нәзік жанды, жан-жануарлардың арашасы жайында болмақ.
Жоғарда айтқанымыздай малдың тілін тапқан маман Гүлсауле Алдабергенованы Бадамша округінде мал ұстайтындар түгел біліп, малымыздың жазылуына себепші жан деп сенеді. Сондықтан да, мал дәрігеріне күні-түні тыным жоқ. Қанша хабарлассақ та мен шақыртуға кетіп барамын деген сөзді естісек те, қызметіне құрметпен қарап, тілдесудің сәтін күтіп, ақыры хабарласқан едік.
Кейіпкеріміз ел арасында Сауле аталып кеткен. 1961 жылы сәуір айының 1-де әкесі Нұрғабылдың отбасында дүниеге келген. Кейіннен отбасы Хромтау ауданына қоныс аударады. Тағдырдың жазуымен 1970 жылдары екі інісімен Алға ауданына қарасты Тамды ауылындағы балалар үйіне келеді. Ол кезде Сауле 3 сыныпқа барса, інісі 1 сыныпта оқитын. Ең кіші інісі 2 жаста Ақтөбе балалар үйіне қабылданған. Өзіне тіреу болар екі інісі де дүниеден ерте кеткен. Әйтсе де, «Орнында бар оңалар» дегендей, олардың отбасыларымен араласқан Сауле де бауырларынан қалған тұяқтарына барып, мауқын басып тұрады. Жастайынан қиыншылық көріп өскен қыз әлі де жігерлі, қайсар мінезді жан. 1979 жылы Тамды орта мектебін бітіргеннен кейін, тәуекелге бел буып, Алматы қаласындағы кезіндегі ең жоғарғы оқу орны зооветеринарлық институтының ветеринария факультетіне түсіп оқиды.
1986 жылы оқуды тәмамдаған жас маман оқу орнының жолдамасымен Хромтау ауданының Магаджан кеңшарына келіп, алғаш мамандығы бойынша жұмыс жасайды. Ауылда шыңдалған жас маман кейіннен ветеринариялық станцияда сараптама бөлімінің меңгерушісі болып 5 жыл қызмет етіп, кейіннен лабороториялық бөлімінің меңгеруші қызметін 10 жылдай атқарады. Одан әрі Бадамша аудандық ветеринариялық стансасында жұмыс жасап, кейіннен Бадамша ауылдық округі бойынша мал дәрігері болып еңбек етіп, күні бүгінге дейін зейнет жасында болса да жұмысын жалғастырып келеді. Жалпы алғанда 40 жылдық еңбек өтілі бар мал дәрігерінің малдың сырын білуі де заңдылық.
Зейнеткерлікке шықса да жұмыстан қалмаған Гүлсауле Нұрғабылқызы. Ютуб каналында жас мамандарға кеңес беріп, әріптестерімен пікір алысып тұратын ақылшы, кеңесші маман, мал дәрігері. Өзінен ақыл кеңес алған жас мамандары да баршылық. Блогерлікпен айналысатын мал дәрігерінің айтары көп. Өзінің ютубтегі оқырмандары да ауыл мал дәрігерін «кеңесші мал дәрігеріміз» деп жиі хабарласып, ақыл-кеңес алып, құрмет тұтатын жанның да айтары көп, тәжірибесі мол.
Мал-жанды маман 2014 жылы ауылдық округ ғимаратынан бөлме алып, мал дәрігерлік дәріхана ашады. Алайда, кешкі уақытта жұмыс жасауға қиындық туғызғандықтан, 2018 жылы жер алып, үйіне жақын жерден дәріхананың құрлысын бастап, 2020 жылы жұмыс жасай бастайды. Бүгінгі таңда Сауле зейнет жасында болса да тынымсыз жан күн-түн демей, малы ауырған тұрғындардың шақыртуына жаяулап барып, қолдан келген емін беріп, малдың кеселден айығуына себепші болып жүрген, мал сырын ұққан тәжірибелі маманға мал иелерінің алғысы да шексіз.
Алғыс алған мал жанының арашасы болып жүрген жанға еңбегіне қарай облыс, аудандық құзырлы мекемелерден марапаты да баршылық. Ауыл шаруашылығы саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін 2020 жылы ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталған. Қай сала маманы болмасын өзіне тән ерекшеліктерімен қоғам өміріне тигізетін пайдасы бар. Осындай тілсіз жануармен арпалыса жүріп, еңбек етуге кез келген нәзік жандылар тәуекел етпейтін қызметті таңдап, ұзақ жылдар еңбек еткен Сауле сынды қыз- келіншектер аз. «Тәуекел түбі — жел қайықты» бетке алған бұрымдылардың да қоғамда алар өзіндік еңбектері зор.
Біз өз әңгімемізде аудандағы ветеринария саласында өзіндік үлестері мол еңбек адамдарын сөз ете келе, жастарға бұл саланың да елімізге айтарлықтай пайдасы мол, ауыл шаруашылығын дамытуға ықпалы зор мамандық екенін айтқымыз келеді.
Әңгімелескен Бақыт ИМАШЕВ