МАЛ ДӘРІГЕРІ — МАҢЫЗДЫ МАМАНДЫҚ

Адам емдейтін дәрігер бізге қандай қажет болса, мал дәрігері де тап сондай ауылшаруашылығы саласына аса қажетті мамандық. Оның үстіне ауылда тұратын халық үшін тіпті де маңызы зор.  Ауыл тұрғындарын былай қойғанда, қалада тіпті  ит, мысық, тағы да басқа үй жануарларын өсіретіндер осы мал дәрігеріне жүгінетіні жасырын емес.

Қазіргі қоғамда жануарларды емдей алатын ветеринар мамандығының маңызы зор. Дей тұрғанмен бұл мамандыққа кейбір жандар немқұрайлы қарап жатады. Алайда, ол өзекті және де сұранысқа ие қызмет түрі. Сол себепті де «Дәрігерлер адамдарды емдейді, ал мал дәрігерлері – адамзатты» деген қағида қазіргі әлемдегі маңыздылығы тұрғысынан мал дәрігері мамандығын осылай сипаттауға болады.

  Оның үстіне биыл елімізде жұмысшы мамандықтардың маңызы арта түспек. Өйткені, Президентіміз биылғы дәстүрлі Жолдауында: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек  қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал», — деген еді.

Олай болса біз ауылда өсіп, өз мамандығына құрметпен қарап, қызметінің жауапкершілігін сезіне білетін еңбекқор азамат–Серік Сисен жайында айтпақшымыз. Ол Степной ауылының жоғары білімді мал дәрігері. Қарапайым жанның еңбек жолын ауыл жастарына үлгі етуді жөн көрдік.

Кейіпкеріміз 1994 жылы мамыр айында Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрлан мен анасы Майраның отбасындағы 5 перзенттің үлкені. Ата-анасы дәм жазып, 2006 жылы Степной ауылына қоныс аударады.

 

 

Осылайша, 2010 жылы Серік  Степнойдағы Сазды орта мектебінің 9 сыныбын бітіргеннен кейін, 2010-2014 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы Шығанақ Берсиев атындағы ауылшаруашылық колледжінде білім алады. Оны тәмамдаған жас маман аудандық ветеринариялық стансасында еңбек етеді.

2015-2019 жылдар аралығында Орал  қаласындағы  Жәңгір хан атындағы  Батыс  Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінде білім алады.  Білім алып жүріп 2016-2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы Семей  қаласындағы Ұлтық Ұлан 5511 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтеп, аман-есен елге оралады.

Ал 2024 жылы жары Каринамен бас қосады. Зайыбы аталмыш ауылдағы Сазды орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарады.

Ауылдағы ағайынның негізгі күн көрісі мал шаруашылығы десек, оларды күтіп-баптау, саулылығын қамтамасыз ету жүгі мал дәрігерінің иығында. Кейіпкеріміз де ертелі кеш шақыртуы көп жұмысқа төселіп, қысы- жазы еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда Степной ауылындағы мал дәрігері бөлімінің басшысы. Өзі басшылық етіп отырған мал дәрігерлік мекемеде үш қызметкер аталмыш округтегі 3 мың бас ірі қара, 2,5 мың ұсақ мал (қой-ешкі), 2,5 мың бас  жылқы малының денсаулығы мен амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп келеді.

Бір кездері сұраныс азая бастаған мал дәрігерлік мамандығы Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығына басты назар аударуының себебінен  қоғамдағы маңызы арта түсті. Мамандықты таңдап, бұл салаға жастар келуде. Жеңіл қызмет болып көрінгенімен, сала мамандарының ветеринариялық іс-шараларды атқарудағы жұмыстары өте ауыр және аса қауіпті деуге болады. Себебі, түрлі жұқпалы аурулармен бетпе бет келіп,  ауруға қарсы вакциналармен тікелей жұмыс жасайды.

Сондай-ақ, қазір әр ауылдық округтер ветеринариялық пункттермен,  көлікпен қамтылуда. Ауыл шаруашылығын дамыту үшін Үкімет тарапынан мал дәрігерлік мамандықты көркейту барысында жас маманға баспана, бір жолдық қайтарымсыз  қаржы беріліп, қолдау көрсетілуде.

Шындығында, оңай мамандық жоқ. Мал дәрігері де өзіндік қызығы мен шыжығы мол қызмет. Ең бастысы жүрекпен қалап, ісіңе адал болсаң болғаны. Өмірін осы салаға арнаған кейіпкеріміз де адамзат игілігі үшін еңбек етуді көздейді.

Бақыт ИМАШЕВ