МАҚСАТЫМЫЗ – ҚОЛЖЕТІМДІ КӨМЕК КӨРСЕТУ

Бүгінде елімізде денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы нығайып, халық денсаулығын жақсарту жолында күн-түн демей еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі зор құрметке лайық.
Осыған орай мереке қарсаңында ауданымыздағы денсаулық сақтау саласының тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аудандық аурухананың басшысы Еркебұлан Абдигалиевпен сұхбаттасқан едік.
– Еркебұлан Еркінұлы, ауданымызға қош келдіңіз! Сіз денсаулық сақтау саласында тәжірибелі, кәсіби білікті мамансыз. Олай болса, ең алдымен, өзіңіз басқарып отырған аурухананың құрылымы жайлы айтып өтсеңіз?
– Рахмет! Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бізге көңіл бөліп, жағдайымызды сұрағандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Әрине. Қазіргі таңда аудан тұрғындарына қызмет көрсететін 15 денсаулық сақтау орыны бар. Оның ішінде – 1 орталық аурухана, 150 адамды қабылдай алатын емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункт жұмыс жасайды. Аудандық аурухана құрамында барлығы 168 медицина қызметкері еңбек етуде. Оның 41-і – жоғары санаттағы дәрігерлер, 127-сі – орта буынды медициналық қызметкерлер. 2024 жылдың 12 айында 10 мың тұрғынға шаққанда дәрігермен қамтамасыз ету деңгейі – 27,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2023 жылы – 28,5 пайыз болған. Яғни, 2,8 пайызға азайған. Ал облыс бойынша дәрігермен қамту – 33,3 пайыз, орта буын қызметкерлері – 68,5 пайыз шамасында. Кадр қозғалысы – өмірлік заңдылық. Біреуі оқуға кетіп, енді бірі қызметін жалғастырады. Қазірдің өзінде ординатурада оқып жатқан дәрігерлеріміз бар – Е.Баянаев пен Н.Нуреділова. Сонымен қатар, психиатр-нарколог маманға қажеттілік туындап отыр. Акушер-гинеколог, офтальмолог мамандар да резидентурада білім алуда, 2025 жылы бітіріп, жұмысқа кіріседі деп күтіп отырмыз. Биыл 2 анестезиолог-реаниматолог және бір психиатр-нарколог маман келуі жоспарлануда. Ащылысай мен Степной амбулаторияларына тәжірибелі, жоғары санатты дәрігер қажет.
– Келесі кезекте кадр мәселесі мен материалдық база жайы қалай?
– Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды. Ауылдық жердегі барлық медициналық мекемелеріміз жаңа талапқа сай жұмыс жасайды. Барлығында жедел жәрдем көліктері бар, жарық, су, жылу, интернетпен қамтылған. 2024 жылы 5 түрлі медициналық құрал-жабдық алынды. Атап айтсақ: бинокльоскоп, жаңа туған нәрестелерге арналған «СРАР» аппараты, анестезиологиялық станция (наркоз беру аппараты), хирургиялық шамдар, электрокардиограф, т.б. 2023 жылы 7 күрделі құрал-жабдыққа 81,9 млн теңге жұмсалса, 2024 жылы 5 құрылғыға 71,3 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, Петропавл ауылдық амбулаториясына УАЗ автокөлігі берілді, ауруханаға үздіксіз электрмен қамту мақсатында 200 киловаттық генератор сатып алынды. Биыл да жаңа құрылғылар алу жоспарланған. Қаржы мүмкіндігіне қарай, ескілерін жаңартып, заманауи құралдармен жабдықтай береміз.
– Жылжымалы медициналық кешеннің жұмысы жайлы не айтар едіңіз?
– 2022 жылдан бері жыл сайын мамыр айынан бастап жылжымалы медициналық кешен ауыл-аймақты аралап келеді. 2024 жылғы жоспар бойынша 2850 адам қамтылуы тиіс болса, біз 4084 адамға қызмет көрсетіп, 143,2% көрсеткішке қол жеткіздік. 23 елді мекенде 4659 медициналық қызмет көрсетілді. Оның ішінде 3895 адам дәрігерлік кеңес алды, 764 зерттеу жүргізілді, 51 ауру анықталды. Бұл жұмыс 2025 жылы да жалғасады.
– Алға қойған жоспарларыңыз қандай? Сол жайында айтып өтсеңіз?
– 2025 жылға жоспарымыз ауқымды. Бірінші кезекте – емхананың сыйымдылығын арттыру үшін қосымша бөлмелермен кеңейтуді, оған қоса 8 бағыт бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Атап айтар болсақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыру, тегін медициналық көмектің кепілдік көлемі мен МӘМС шеңберіндегі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді бақылау, ана мен бала өлімінің алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру, мемлекеттік бағдарламалар индикаторларын орындау, туберкулездің алдын алу мен оған қарсы күресті күшейту, жылжымалы флюорография мен диагностика көмегімен ауыл тұрғындарын толық қамту, ұлттық скрининг бағдарламасын тиімді жүзеге асыру және медициналық мекемелерді жөндеу арқылы тұрғындардың талабын қанағаттандыру. Медицинада біржақты ереже жоқ, дегенмен шұғыл талаптар әрдайым назарда болады. Ең бастысы – халыққа сапалы, қолжетімді көмек көрсету.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Бақыт ИМАШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі