Қызылша ауруының белгілері мен оның алдын алу

Қызылша – вирустан туындайтын өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін сырқат, аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Қызылша әлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне әкеп соқтыратын негізгі себептің бірі болып қалуда.

Қызылшаның белгілері. 

Қызылша дене қызуының көтерілуі, бас ауыруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Көздің зақымдануы – жасаурау, конъюнктивит (қабақтың шырышты қабаттарының қабынуы) белгілі жағдай. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас, 2-3 күнге дейін (кей кездері 5-6 күн) сақталады, одан кейін қызғылт нүкте – бөртпе пайда болады, олар бір-бірімен қосылып даққа айналады. Алғашында адамның басында (құлақ арты, беті) пайда болады, бөртпе ақырындап 2-3 күннің ішінде төменге түсіп, аяққа дейін жетеді.

Асқынулары. 

Қызылшадан өлім жағдайының көбісі осы аурумен байланысты асқынулардан пайда болады. Ең күрделі асқынулар – соқырлық, энцефалит (бас миының ісінуіне жеткізетін инфекция), құлақ инфекциялары және пневмонияға әкеп соқтыратын жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары. Кез келген асқынулардан науқас өліп кетуі мүмкін.

Қызылшаның алдын алу.

Инфекцияға қарсы ең қолжетімді және тиімді шара вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін сақталатын иммунитет қалыптастырады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес екпе жоспарлы түрде 12-15 айда және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады.

Егерде Сіз немесе Сіздің балаңыз сырқаттанған жағдайда келесі шараларды орындау қажет: 

— шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну  (тұрғылықты жері бойынша емханадан дәрігер шақырту немесе ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырту);

— емханаға өз бетінше бармай, дәрігерді күту;

— дәрігер келгенше туыстар, таныстар және басқа да адамдармен қарым-қатынаста болмау;

— дәрігерге шетелде қай кезеңде және қай елде болғаныңыз туралы айту;

— жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды қол орамалы немесе сүрткіш арқылы жабу, қолды сабынды сумен жиі жуу немесе қолды тазалауға құрамында спирт бар тазалағыш затты қолдану;

— тыныс алу жүйелерін қорғайтын заттарды қолдану (мысалы бетперде тағу);

— өз бетінше емдеумен айналыспау!

Сондықтан профилактикалық егулерді жүргізу үшін салмақты және ақылға қонымды шешімдер қабылдаңыз. Әр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығы үшін немқұрайлы болмауы керек. Өзіңізді және жақындарыңызды негізсіз тәуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық егулерді уақтылы алыңыз!

 

Айнагуль БЕРЖАНОВА,

  аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.