Қыздар арасында ең үздік тігінші анықталды

Тігіншілік деген де — өнер, ол әсіресе қыз баласы үшін маңызы зор. Оның үстіне ине мен жіпті қолға алып, тігін тігу қыздарымыздың болмысын нәзік етеді. Осы орайда 11 ақпан күні аудандық жастар орталығы мен №2 Бадамша орта мектебінің ұйымдастыруымен «Алтын ине» сайысы өтті.
Бұл іс-шара «Жұмысшы мамандықтар» жылына орайластырылып, ауданның дарынды жас тігіншілерін анықтау мақсатында өткізілді. Сайысқа №2 Бадамша орта мектебі мен аудан орталығындағы Бадамша агротехникалық колледжінен және де Жосалы орта мектеп-балабақшасынан барлығы 10 бойжеткен қатысты.
Тігіншілік – қол мен қиялдың еңбегі десек, әсемдік пен әдемілікке жаны құмар қыздарымыз іс-шараның басталуы барысында олардың таныстырылымы қызықты да ерекше болды. Олай дейтініміз, әрбір қатысушы тігін өнерін көрсету үшін арнайы дайындалған киім үлгілерімен сынға түсті.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш сайыс ұйымдастырылуы мен маңыздылығы жағынан өте әсерлі өтіп, жас тігіншілер тек өздерінің шеберліктерін ғана емес, шығармашылық пен көзқарас бірегейлігін де көрсете білген.
«Алтын ине» сайысы жас тігіншілер үшін үлкен мүмкіндік болып табылады.Бұл өнердің құндылығын арттыруға және жұмысшы мамандықтарына қызығушылықты оятуға үлес қосатыны сөзсіз»,– дейді қазылар алқасы.
Осылайша, қолынан іс келетін ісмер қыздарымыздың басын қосқан сайыста қазылар алқасы байқау барысында тек тігілген бұйымдардың сапасын ғана емес, тігу дизайнын, үлгісі мен қатысушылардың жұмысқа жұмсаған уақытын да ескерді.
Іс-шара қорытындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен Жосалы ауылынан келген Милла Ботнарь сайыс жеңімпазы атанды. Оның жасаған жұмысы сайыс шарты бойынша жоғары бағаланып, нәтижесінде І орынға ие болды. Ал тіккен жұмысы ерекше қолдауға ие болып, тігіс сапасы мен еркін көзқарасы әділқазылар мен көпшіліктің көңілінен шыққан №2 Бадамша орта мектебінің оқушысы Арайлым Асанова жүлделі ІІ орынды, сондай-ақ, София Заглядова мен Ұлдана Бараузованың жұмыстары ІІІ орынға лайықты деп танылды.
Сайыс соңында ұйымдастырушылар тарапынан жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, барлық белсенділік танытқан қатысушылар да алғыс хаттармен марапатталды.
Расында, мұндай шаралар жас ұрпақтың кәсіби біліктіліктерін арттыруға және жұмысшы мамандықтарына деген құрметті күшейтуге септігін тигізеді.
Оған қоса қазақ қашанда өз салт-дәстүрін ұлықтаумен ерекшеленеді. Жасампаздықтың келбетін көрсететін білім болса, енді бірі дәстүрді қайта жаңғыртумен жалғасын табады. Сондықтан, әрбір бойжеткен ару ине ұстаған, ержеткен бала аттың жалында ойнаған болса, нағыз болашаққа жетелейтін тұлғалар осыдан бастау алары сөзсіз.
Жұлдыз КЕНЖЕ