Қыз тәрбиесі – ұлттың ұлылығы

Қыз бала – елдің айнасы, ұлттың ары мен ұяты. Бүгінгі бойжеткеннің болмысы қандай болса, ертеңгі қоғамның келбеті де сондай болмақ. Осы түсінікті берік ұстанған аудандық Жастар ресурстық орталығы бойжеткендеріміздің тұлғалық дамуын қолдау, олардың рухани-мәдени тәрбиесін нығайту және өзін-өзі бағалау деңгейін арттыру мақсатында тағылымы мол басқосу ұйымдастырды.
«Қыз өссе – елдің көркі» атты тәрбиелік тренингтің мәні де, мазмұны да терең болды.
Шараға ауданның белсенді жастары, мектептің жоғары сынып оқушылары қатысып, қыз бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасып, тың ақпарат алды.
Кездесудің қонақтары ретінде арнайы шақырылған мамандар – гинеколог Тамара Абдрахманова, психолог Анажан Жұмағалиева, сондай-ақ жеке кәсіпкер “Тәтті Бадамша” дүкенінің иесі Индира Спанова бойжеткендерге өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, бағыт-бағдар берді.
Мамандар қыз баланың денсаулық мәдениеті, жеке гигиена, мінез-құлық әдептері, жауапкершілік пен өзін қорғау дағдылары жөнінде маңызды мәліметтер ұсынды. Әсіресе, өз денесін құрметтеу, дұрыс шешім қабылдау, жарық болашаққа нық қадам басу сияқты тақырыптар жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Тренинг барысында қатысушылар әйел затының болмыс-бітімі, ұлттық құндылықтар, сымбат пен сыпайылық туралы сұхбат құрып, мақсат қою, қабілетті тану және өзін дамыту жолдары жайында ой бөлісті. Психологтың мотивациялық кеңестері бойжеткендердің сенімін арттырып, олардың өзіндік бағасын күшейтуге ықпал етті.
Жылы әрі еркін атмосферада өткен басқосу қыздардың көңіл күйіне оң әсерін қалдырды. Қатысушылар тек тыңдап қана қоймай, сұрақтарын қойып, пікірлерін ашық білдіріп, кәсіби кеңестер алды.
Қыз тәрбиесіне бағытталған мұндай игі бастамалар жас ұрпақтың саналы көзқарасын қалыптастырып қана қоймай, олардың рухани өрісін кеңейтіп, өмірлік ұстанымын айқындай түсетіні сөзсіз. Өйткені қыз баласының тәрбиесі – ұлттың ұлылығы, ұрпақтың жалғасы, елдің ертеңі.
Жұлдыз КЕНЖЕ





