ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ — ҰСТАЗДАР

Қазан айында аталып өтетін айтулы мерекенің бірі — Ұстаздар күні. Осы орайда өткен аптада білім саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік шараға аудан басшысы Нұрлыбек Өнербаев, білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсенова мен ардагер-ұстаздар және де ауданымыздағы барлық педагогтер қатысты.

Шара барысында өздеріне арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өткен ұстаздар қауымын оқушылар құрметпен қарсы алды.  Жиында мереке иелерін ең алдымен аудан әкімі құттықтап, білім беру саласындағы жетістіктер мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлдерін атап өтті. Сондай-ақ, аудан басшысы білім саласында табанды еңбек еткен бірқатар ұстаздарға алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті.

Сонымен қатар ұстаздар қауымын аудандық білім бөлімінің басшысы құттықтап, білім беру саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген педагогтер мен  ардагер ұстаздарды  Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің  Құрмет грамотасымен және де білім бөлімінің  Алғыс хаттарымен марапаттады.

 

Одан соң салтанатты шара мереке иелерінің дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.

Білімнің дәнін себелеп, жемісіне қуанатын адам жанының бағбаны – ұстаз десек, оларға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Өйткені, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Олай болса, ұлық мереке иелеріне арналған мереке бір күн болғанымен, оларға деген құрметіміз әр күн сайын арта бермек.  

Жұлдыз КЕНЖЕ