ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Сурет ашық дереккөздерден
Құрбан айт – ислам әлеміндегі ең ұлық әрі қасиетті мерекелердің бірі. Бұл күн мұсылмандар үшін сабыр мен жанашырлықтың символына айналған. 2026 жылы Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады. Үш күнге созылатын бұл айт мұсылман қауымы үшін бауырмалдық пен қоғамда мейірімділік орнатудың үлкен мүмкіндігі.
Құрбан айт Хижра күнтізбесінің зұлхижжа айының 10-күні басталып, үш күн тойланады. Бұл күн – Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардың Алла Тағалаға деген шексіз мойынсұнушылығын көрсеткен тарихи оқиғаға байланысты. Ол баласын құрбан етуге дайын болған кезде, Алла Тағала оған көктен қошқар жіберіп, оны құрбандыққа шалуды бұйырған. Осы оқиға – мұсылмандар үшін құрбандықтың мәнін түсіндіретін терең рухани сабақ.
Құрбан айт мерекесі – үлкен қажылық парызын өтеумен тығыз байланысты. Осы күндері Меккеде мұсылмандардың бес парызының бірі – үлкен қажылық жасалып, Арафатта тұру рәсімі орындалады.
Құрбан айт кезінде дәулеті жеткен әрбір мұсылман құрбандық шалады. Бұл – Аллаға жақындаудың, оның разылығына бөленудің бір жолы. Құрбандыққа шалынған малдың еті үшке бөлінеді: бір бөлігі мұқтаждарға беріледі, екіншісі туған-туыстарға, ал үшіншісі өз отбасы үшін қалдырылады . Кей жағдайларда бүтіндей беріп , кей жағдайда бүтіндей өз отбасыңызға алып қалуға болады. Осылайша, бұл мереке қоғамда ынтымақ пен жомарттықты нығайтады.
Құрбан айт тек құрбандық шалумен ғана шектелмейді. Бұл күндері мұсылмандар таңсәріден мешіттерге барып, айт намазын оқиды, бір-бірімен құшақтасып, «Құрбан айт қабыл болсын!» деп тілектерін айтады. Жақындары мен туған-туыстарын зиярат етеді, ренжіскен жандар татуласады. Ақтөбе өңірі бойынша мешіттерде 27 мамыр сағат 6:30-да айт намазы оқылады.
2026 жылы Құрбан айт маусымы еліміз бойынша үлкен дайындықпен өтеді деп күтілуде. Әр өңірде арнайы құрбан шалатын орындар ұйымдастырылып, санитарлық талаптар сақталады. Ауданымызда 3 мешітте айт намазы оқылып, киіз үйлер тігіліп, айт мерекесі аталып өтіледі. Сонымен қатар елімізде онлайн құрбандық шалу қызметтері де жалғасын табады.
Құрбан айт – мұсылмандар үшін тек діни мереке ғана емес, бұл – рухани тазару, адамгершілік пен бауырластықты дәріптейтін маңызды күн. Бұл күндері жасалған әрбір жақсылық, көрсетілген мейірім мен көмек – қоғамдағы бірлікті нығайтып, Алланың разылығына жетелейтін сауапты амал.
Барша мұсылман қауымын ұлық мереке – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Жаратқан Иеміз әрбір шалыңған құрбандықты қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық берсін!
Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудандық “Ас-Самиғ” мешітінің бас имамы




