ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Ислам әлемі аңсай күткен ұлық мерекеге де санаулы күндер қалды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2025 жылы Құрбан айт мерекесі маусым айының 6-ші күні басталатынын хабарлайды, ал Арапа (Қарапа) күні 5 маусымға сәйкес келеді.
Осы орайда аудан орталығындағы «Ас-Самиғ» мешітінде айт намазы таңғы сағат 6:30 да оқылады.
Құрбан шалам деген адамдар, әсіресе ер азаматтар келуі уажиб (міндет). Жалпы бас бостандығы бар, ақыл-есі бүтін, жолаушы емес адамдарға уажиб болып саналады. Намаз соңынан халық бірін-бірі құттықтап, қуаныш, қызықты бірге бөлісіп, айтшылайды. Өйткені, мерекенің мәні де ұлт пен ұлысты, тума-туысты, барша халықты бауырмалдылыққа, бірлікке ұйыстыруында, кісіні кішіпейіл де кең, қайырымды бол деп үндеуінде жатыр. Сондықтан ренжіскен кісілердің қайта табысуы, ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұл күні жақындарыңызға кішігірім болса да сый-сияпат жасаған абзал.
Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе малының еркектері де, ұрғашылары да жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Алайда ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Сондай-ақ, құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық малын айт намазынан кейін айттың үшінші күні күн батқанға дейін шалуға болады.
Құрбандық етін үшке бөліп таратуға болады. Бір бөлігі өзіне қалады, екінші бөлігі ағайын-туыс, көршілерге беріледі, үшінші бөлігі мұң-мұқтаждарға таратылады.
Құран кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал»,-деген Кәусар сүресінде. Хадис шәрифте : «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар»,-делінген.
Құрбан – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Алла ризашылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы аты. Құрбан шалудың пайдалары мен хикметтерін орындау арқылы Алланың ризашылығына жақындап, ақыретте сый-сияпатына кенелтеді. Құрбан шалу Ибраһим (а.с.) пайғамбардың сүннеті. Адам баласына берілген сансыз нығыметтеріне шүкір етіп, күнәларына кешірім тілеу, өзімшілдік, сараңдық сияқты кейбір жаман сипаттардан тазалану. Оның орнына бойындағы бауырмалдық, жомарт, кішіпейіл сияқты кәмілдіктің белгісі саналатын сипаттар дәнегінің өсіп-өніп, жетілуі үшін су себеді. Құран Кәрімде: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер»- Хаж сүресі.
Құрбандыққа шалынған малдың етін, терісін, сирақ-басын және сүтін қайсы бір бөлшегін болса да қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әли (р.а) былай дегені риуаят етіледі:«Алланың Елшісі (с.а.с.) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тиым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз»,- деді.
Құрметті мұсылман ағайындар құрбан айт құтты болсын, шалған құрбандарыңыз қабыл болсын!
Нұрлан ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудандық «Ас-Самиғ» мешітінің бас имамы