Құлшына түсер қайраткерлер көбейсін

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Ұлттық рух, қайсар мінез, ықылым заманалардан қанымызда буырқанып жатқан намыс пен тектілік тұғыры берік екенін, ақыры жарқ етіп, жасынша ойнап шығарын түйсігімізбен сезіп жүрдік. Өйткені негіз мықты ғой! Оң, солымыз түгел әбігер, көптің бағыты ортақ, өзіміз де, өзектесіміз де күткен мереке: «Амал келіп қалды, Ұлыстың ұлы күні ғой, жыл құтты болсын!» – десіп, жайраңдасқан көпшілік.
Негізі, жақсыны көре білу керек-ау бізге, сосын көбейтуге тырыссақ, абзал болар еді. Қандай дәуірлерді бастан өткерсек те Қазақия – мәңгілік ел, тағдыры үзіліссіз жалғасып келе жатқан мемлекетіміз бар Расы солай ғой! Түбірі берік, тамыры терең, өткені бар, бүгінгісі бауырында, ертеңіне сенімі зор. Күмбірлеп көмейінен төгілген жыры тасқындап, талай ғасырдан әрі асары күмәнсіз, ұстаған – тұтқан асылы мен ақығы, жәдігері түгендеулі, төрт түлігі төскейінде өріп, салтын салиқалы ұрпағына беріп, үрдісін бүгінгі күн үдесінен көріп, бойжеткенінің әшекейі сыңғырлап, сұлтандары қасиетін мың қырлап, сәт сайын сүйкіміміз артып келеді. Сабырға сенетініміз, басқаға болсын дейтін кеңдігіміз барымызды болдыра түсуге, оңғанды жаңартып, өшкенді жағуға ұмтылған ұлтқа даңғыл жол ашқандай. Мемлекет басшысының кешегі Ұлттық Құрылтайдағы айтқан сөзін арқаланып, құлшына түсер қайраткер ерлер көбейсін! Мәдениеті, ғылымы, әдебиеті, ұлттық болмысы мықты елдің іргесі де нық, қуаты да зор келер. «Қаралы көш, қаралы ауыл, қаралы үй» деген аты ғана, расына келгенде, қазақ көп жағдайда қаралы күнде де қара түс жамылмаған. Аза тұтудың, қайғының артын сақтаудың жөнін әбден білген, бірақ қара жамылғы бүркенбеген! Қызылды-жасылды жарқыраған түстерді жақсы көрген халықпыз. Ұлттық киім иығымыздан түспесін!
Президентіміздің сөзі, елдің ертеңіне деген ықылас-ниеті біздік көкірекке де от жағып өткен соң, жігеріміз де, көзіміздің нұры, табан ақы, маңдай теріміз де ұлтқа қызметке жараса деген тілек біздікі.

aqtobegazeti.kz