Құқықтық тәртіп: Цифрландыру Ақтөбе облысындағы қылмыспен күреске қалай әсер етеді
Ақтөбе облысында бейне бақылау камералары қылмыспен күрестің маңызды құралына айналып, негізінен жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 138 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылықты анықтауға мүмкіндік берді. Бұл туралы Ақтөбе облысының полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, бейне бақылау камераларының орнатылуы облыстағы қалалар мен елді мекендердің көшелеріндегі тәртіпті бақылауды күшейтті. Бұл ретте бейне бақылау жүйесі қауіпсіздік деңгейін арттырып қана қоймай, қылмыстың алдын алудың қуатты құралы қызметін атқарды. Сонымен қатар, бейне камералар деректерін тиімді пайдалану тәртіп сақшыларына оқыс оқиғаларға жедел ден қоюға және ашылмай қалуы мүмкін қылмыстарды ашуға мүмкіндік береді.
Еске салайық, осыған дейін Ақтөбе облысында ағымдағы жылдың 11 айында қылмыс деңгейінің айтарлықтай төмендегені хабарланған болатын. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 646 жағдайға азайған. Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 10 пайызға, ұрлық 22,5 пайызға, мал ұрлығы 32,7 пайызға, тонау 24 пайызға төмендеген.
Бопсалау, бұзақылық және кәмелетке толмағандар тарапынан жасалатын қылмыстар да азайған. Жалпы қылмыстардың ашылуы жақсарды.
Жалпы, мамандар полицияның дәстүрлі әдістері мен заманауи технологиялардың үйлесуі облыс тұрғындары үшін тиімдірек әрі қауіпсіз орта қалыптастыратынын атап өтті.