КӨШЕЛЕР ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

Жолдың жайын жүрген біледі,- демекші жаз басталғалы ауданға қарасты округтердегі көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін Ащылысай ауылдық округіндегі көше мәселесі жайында хабардар етсек, енді Әлімбет ауылы жайында сөз қозғамақшымыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы жолдауында автомобиль жүретін жолдардың құрылысына, соның ішінде ауылдық жерлердегі және қала ішіндегі жолдардың сапасына айрықша мән беруді тапсырған.

Осы орайда «Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе шешімін таппай келеді. Мен 2025 жылға дейін ауылдық жерлердегі және қала ішіндегі жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім» деп атап айтқан еді. Бүгінде республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен ауыл көшелеріне жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Президент бастамасына сәйкес біздің ауданымызда да маңызы бар автомобиль жолдары мен ауыл көшелерін 2023-2025 жылдары күтіп ұстау үшін аудандық тұрғын-үй  коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесі келісім шарт жасасып, қаржы бөлініп, аталмыш бағыттағы жұмыстар қолға алынуда.

Нақтырақ айтар болсақ, Әлімбет ауылдық округіндегі Абай, Теміржолшылар және Қазақстан көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмысты жүргізген жауапты мердігер компания — «Бабәк-Құрылыс» ЖШС, қосалқы мердігер компания — «Актобе капиталстрой» ЖШС.

-Әлімбет ауылындағы 3 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы  ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы – 5 км. Жоспар бойынша асфальт төсеу жұмыстары маусымда басталып, күзде бітуі тиіс. Алайда, жөндеу жұмыстары бір айдың ішінде мерзімінен бұрын аяқталып отыр. Жұмысқа 17 адам тартылды. Сондай-ақ, кедергі келтіретіндей мәселелер орын алған жоқ. Және де  барлық техникалар да жеткілікті деңгейде болды. Жұмыс толығымен аяқталып бітті,-дейді «Актобе капиталстрой» ЖШС-ның директоры Бекбол Кустанаев.

         Жол мәселесінің шешім табуы ең алдымен ауыл халқы үшін маңызы зор. Өйткені, түйткілді мәселелер шешіліп, ауыл халқының тыныс-тіршілігінде жаңа леп пайда болғандай.

Жұлдыз КЕНЖЕ