ҚОСЕСТЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

Өткен жексенбі күні Қосестек ауылдық округінде ауыл әкімінің сайлауы өтті.
Жергілікті тұрғындар таңертең сағат 7.00-ден бастап №257 сайлау учаскесіне келіп, өздерінің азаматтық борыштарын орындап, ауылдық округтің болашағы үшін өз таңдауларын жасауға асықты. Алғашқылардың бірі болып дауыс берген белсенді ауыл тұрғындары – Юрий Вовк, Аскар Уразбаев, Қобланды Имашев. Ең бірінші болып дауыс берген сайлаушыларға естелік сыйлықтары табыс етілді.
Аталмыш сайлау учаскесіне Ертай Аманжолов төрағалық етті. Комиссия мүшелері де сайлау бюллетендерін түсінбей жатқан егде адамдарға жан жақты көмек көрсетіп, сайлау науқанының жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Айта кететін болсақ, Қосестек ауылдық округінің әкіміне барлығы 3 үміткер сайлауға түсті. Олардың 2-уі өзін-өзі ұсыну жолымен сайлауға түссе, 1 үміткер партия атынан ұсынылды. Үміткерлер бұған дейін сайлауалды бағдарламаларын елді мекен тұрғындарына түсіндіріп, ауыл халқымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Бұл ауылдық округте 1500-ден астам дауыс берушілер тұрады. Саяси науқанда ауыл ақсақалдары белсенділік танытты. Солардың бірі – Ильдар Байзуллин.
–Мен бүгін өз ауылымның болашағы үшін таңдауымды жасадым. Округ әкімін халықтың өзі сайлауы өте дұрыс шешім деп ойлаймын. Бұл – әкімнің халыққа жақын болуына маңызы зор. Сондықтан да бүгінгідей маңызды сәт ауыл тұрғындарын бей-жай қалдырмауы тиіс,-дейді белсенді ауыл тұрғыны.
Сайлауда дауыс беруді әр адамның азаматтық борышы санайтындардың бірі – Жанбауовтар отбасы.
-Бүгінгі күннің маңызы зор. Сол себепті де отбасымызбен келіп, дауыс беріп, таңдауымызды жасадық. Біз ең бастысы ауыл әкімінің жергілікті өз жерімізден болғанын қалаймыз. Себебі, осы өңірде тұратын жан, өз ауылының түйінді мәселелерін біледі және оны шеше алатынына сенімдіміз. Ауылымыз өте жақсы. Жыл сайын өсіп-өркендеп келеді. Ауылымыздың одан әрі дамуы үшін бүгінгі науқанға келіп қатысу үлкен жауапкершілік,-дейді ерлі-зайыпты Мақат-Дамила Жанбауовтар.
Осылайша, №257 сайлау учаскесі тиісті тәртіппен жұмыс жасап, дауыс беру барысы Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастырылып, барлық құқықтық талаптар сақталды. Ауыл тұрғындары да округ әкімін таңдау үшін белсенді дауыс берді.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА