Көп күттірген күрежол ашылды
Өткен жексенбі күні облыстық маңызы бар Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск тасжолына дейінгі отыз шақырымдық жаңа жол тұрғындар үшін пайдалануға берілді.
Өңірімізде Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында берілген жол инфрақұрылымын дамыту тапсырмасы аясында өңірімізде ауқымды жұмыстар жалғасуда.
Бұл жол аймақтың көлік байланысын жақсарту және аудан тұрғындары мен қонақтарының жайлылығын арттыруда өте маңызды. Сондықтан да, аудан тұрғындары бұл күнді ұзақ күтіп, былтырдан бері жылдың әр мезгілінде пайдалуға беріліп қалады деген үміттерін үзбеді.
Жол мәселесі күн тәртібінен түспей, ауданымыздағы әрбір жиын, отырыстарда талқыланды. Осы орайда өткен аптадаға аудан әкімі мен Бадамша ауылдық округі әкімінің тұрғындармен кездесуінде де көтеріліп, осы мәселеге қатысты тұрғындар сұрақ жаудырған еді. Кездесуде жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігердің өзі жауап беріп, 1 аптада жол толығымен ашылатындығы жайында айтты. Бұл жолы айтылған сөз іс жүзінде жүзеге асып, тұрғындарға қуаныш сыйлады.
Бір айта кетерлігі, қайта жаңартылып жатқан жолдың құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда жұмыстардың 90 пайызы орындалған. Жолды «Казкомсервис» ЖШС мердігерлік ұйымы абаттандырды. Дәлірек айтқанда, жол жиектеріне құм төселіп, нығайту жұмыстары жүргізіліп, жол белгілері қойылды. Жоба жұмысы толығымен 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Жұмыстың 100 пайыз аяқталмауын ауа райының қолайсыздығымен байланыстырды жауапты мердігер.
Автожол бойына сағатына 60 шақырыммен жүруге болатын жылдамдық режімі орнатылған.
Бұл қуанышты жаңалыққа аудан тұрғындарымен қатар үнемі жолда жүретін көлік жүргізушілері дән риза. Дегенмен де, жол жаңарды деп, қауіпсіздікке немқұрайлы қарамау керек. Осы орайда аудан әкімдігі барлық көлік жүргізушілерін қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауға шақырады.
Қарғалы-АҚПАРАТ