КОНСТИТУЦИЯ КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ
Өткен аптада аудандық мәдениет үйінде 30 тамыз — Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Айбынды Ата Заң» атты салтанатты шара өтті.
Қазақстан Республикасының Гимнінен бастау алған шарада аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.
-Сіздерді мемлекеттік мереке Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ата Заң арқылы асқар асуларды алған біз бүгінде жаңа кезеңге қадам бастық. Кез келген мемлекеттің ұстанымын, ұлтының құндылығын айқындайтын негізгі құжат – Конституция. Біздің мемлекетіміздің Ата Заңы еліміздің дем
ократиялық құқығының негізін бекітіп, халқымыздың рухани және мәдени құндылықтарын қайта түлету үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Олай болса, Ата заңды қастерлеу – ұлттың ұлы парызы. Осындай айтулы күні сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, негізгі заңымызда айтылғандай құқықтарыңыз бен еркіндіктеріңізді толық пайдаланып, ертеңгі күндеріңіздің жарқын болуын және де Қарғалы өңіріміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін,-деген аудан басшысы Конституцияның елдің саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы маңызы зор екеніне назар аударды.
ҚР Конституция күніне орай әр түрлі салада аудан дамуына үлес қосын жүрген аудандық ПБ көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты — Алмас Қайыржан, әкімшілік полиция бөлімшесінің тәжірибе инспекторы, полиция лейтенанты — Маруфбек Алиев, аудандық прокуратурасының инспекторы — Гульзия Рыскулова, аудандық сотының бас маманы, сот отырысының хашысы — Асемгуль Кельмагамбетова, Қарғалы ауданының № 13 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушы, азаматтық қорғау кіші сержанты — Оразалы Қуатов, Бадамша ауылдық округі әкімдігінің бас маманы — Қуаныш Гусманов, Қосестек ауылдық округі әкімдігінің бас маманы — Диана Абдулова, Ащылысай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы- Анна Танынбаева аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Ата заңымыз еліміздің барлық жетістіктердің бастауы, құқық теңдігі мен барлық қазақстандықтарға бірдей мүмкіндіктерді береді. Осыған орай салтанатты жиында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Мағжан Зинешов пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ерсұлтан Биисов салтанатты түрде ант қабылдады.
Азаттығымыздың айқын айғағындай айтулы күнге арналған шара соңы аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА