Колледждерге тың серпін берді

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің
«Автоматтандыру және басқару» бөлімінің меңгерушісі.

Премьер-Министр Олжас Бектенов «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты мақала жариялады. Бұл мақалада елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңіне бастау алғаны көрсетілген.
Сондай-ақ Премьер-Министр мақаласында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіруге тың серпін бергенін атап өткен. «Жаңа экономика үшін білікті әрі сұранысқа ие кадрларды даярлау мақсатында колледждер мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық нығайтылуда. Қазіргі уақытта 498 компания 410 білім беру мекемесін қамқорлыққа алды, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жаңғыртылды. Колледж оқушыларының стипендиясы 50 пайызға ұлғайтылды» — делінген Олжас Бектеновтің мақаласында.
Премьер-Министр мақалада атап өткен маңызды мәселелердің бірі — білім беру мен өндірістің интеграциясы. Бұл — колледждер мен кәсіпорындардың арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты нығайту, жұмысшы мамандықтарына сұранысты арттыру және еліміздің экономикалық өсіміне қолдау көрсету.
Мәселен, өзім жұмыс істейтін Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі бүгінгі таңда 12 мамандық бойынша кәсіби-техникалық мамандар даярлап отыр. Оның 10-ы — жұмысшы мамандықтары. Мұнда колледж білім алушыларды тек теориялық тұрғыда емес, сонымен қатар практикалық дағдыларға да үйретіп отыр, бұл өз кезегінде жастарды еңбек нарығына дайындайды.
Колледж студенттерінің стипендиясының 50 пайызға ұлғаюы — осы саладағы өзгерістердің маңызды бөлігі. Бұл шара студенттердің әлеуметтік қолдауын арттырып, білім алуға деген ынтасын күшейтеді.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасы еліміздің техникалық білім беру жүйесін жаңартып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік берді. Бұл саладағы жетістіктер еліміздің болашағына үлкен ықпал етіп, жастардың еңбек нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтеді.