КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНА ДАЙЫНБЫЗ БА?
Халқымыз көктем мезгілін «Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп бекер айтпаса керек. Бұл мезгілде күннің күрт жылынуы табиғи апаттарға алып келуі мүмкін. Сондықтан да, елімізде қыстың соңы мен көктем айының басында су тасқынының алдын алу мақсатындағы жұмыстар қолға алынып, қамдана бастайтыны жасырын емес.
Десе де, биылғы қыс мезгілінде қардың мол түсуі мен ауа-райының күрт жылынуы елімізге зардабын тигізіп, табиғат тосын мінез танытуда. Оның ішінде Ақтөбе облысымыз бен оған қарасты Мұғалжар, Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Темір аудандарын су шайып,
төтенше жағдай жарияланғаны баршамызға мәлім.
Көктем мезгілі су тасқыны, су басу – болжап болмайтын салдарға әкелуі мүмкін қауіпті табиғи құбылыс. Осы орайда біздің өңірімізде де көктемгі су тасқынына қарсы штаб өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда аудан аумағында су тасқынының алдын алу және болдырмау мақсатында, елді мекендерде қар шығару, арықтар мен су ағар жолдарды және де жол бойындағы су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде.
Өлкеміздегі су тасқынының алдын алу мақсатындағы жұмыстар тікелей аудан басшысы Асқар Жүсібалиевтің бақылауында. Осы мақсатта Желтау ауылдық округіне қарасты Петропавл, Шәмші Қалдаяқов және де Қосестек ауылдарымен Қарғалы су қоймасында іссапармен болып, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар берілді.
Сондай-ақ, аудан әкімінің төрағалығымен су тасқынына қарсы жедел штаб отырыстары өткізілуде. Отырыста су тасқыны кезінде өмірлік маңызы бар нысандардың, инженерлік құрылыстар мен желілердің үздіксіз жұмыс жасауын қамтамасыз етуді, сонымен қатар, су басу қауіпі орын алғанда елді мекендерде адам өмірінің қауіпсіздігін алдын алу, азық-түлік пен жанар-жағар майдың жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету мен қатар бағаның қымбаттауына жол берілмеу жөнінде шаралар қабылдап, үнемі бақылауда ұстауды тапсырды.
Оған қоса аудан аумағындағы Қарғалы су қоймасының техникалық жағдайы мен су көлемін тексеру мақсатында, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің, су шаруашылығы комитетінің және «ҚазСуШар» РМК облыстық мекеме басшысы мен қатар қызметкерлері арнайы келді.
Аталған нысанның аудан аумағында орналасуына байланысты, аудан басшысы келген комиссия өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында су қоймасының жай-күйі мен су деңгейі және де су қоймасы қызметкерлерінің су тасқынына қарсы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта су қоймасындағы су деңгейі қалыпты және су өткізгіш техникалық құрылғылары жұмыс режимінде, жалпы нысанның қалыпты жағдайда екендігі айтылды.
Осы орайда өңіріміздегі су тасқынына қарсы атқарылып жатырған жұмыстардың жай-күйін аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығынан анықтап білген едік.
-Облысымыз бен өзге аудандарда орын алып жатырған жағдай баршамызға сабақ болуда. Сондықтан да, ең алдымен халқымыздың амандығы үшін қарқынды да қызу жұмыстар қолға алынуда. Жалпы ауданның су басу қауіпі бар елді мекендерге сараптама жүргізілді. Осылайша, Петропавл ауылында су ағар жолдарды кеңейту жұмыстары қолға алынса, Қосестек ауылында су тасқынына қарсы қорғаныш (дамба) салынды. Сондай-ақ, Бадамша ауылында қар шығару, су ағарлар мен арықтарды тазалау жұмыстарының тоқтаусыз жүргізілуінің нәтижесінде елді мекендерді толассыз су басу қауіпі орын алған жоқ,-деді азаматтық қорғау мойоры Аслан Каркулов.
Дегенмен, жақын күндері ауа-райының жылынуына байланысты, қардың тез еруі мен өзен, көлдердегі су деңгейінің көтерілу ықтималдылығы артады. Бұл ретте су тасқынын алдын алу үшін, жалпы аудан тұрғындары бір кісідей ат салысып, өздерінің тұрғын үйлерінің аумағындағы су ағарлар мен арықтарды тазартуды ұйымдастырып, азаматтық танытса нұр үстіне нұр болар еді.
Өйткені, табиғи апаттың айтып келмейтінін ескерсек, қандай да жағдайға дайын болуымыз керек.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, барша ел болып бірігіп, қолдан келер көмекті аямай, қол ұшын созсақ, көп болып бұл су тасқынына төтеп береріміз анық.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА