КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ ОЙДАҒЫДАЙ АЯҚТАЛДЫ
Өңіріміздегі шаруалар көктемгі дала жұмыстарын оңтайлы мерзімде аяқтады. Енді диқандар мол өнім жинап алудан үмітті. Әрине, оған қолайлы ауа райы да өз септігін тигізеді. Дала төсін дүбірге толтырған көктемгі далалық жұмыстардың мән-жайы жайында аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысы Нұржан Таженовтен білген едік.
-Ауданның шаруашылық құрылымдары жердегі ылғалдың мол екендігіне көз жеткізіп, дәнді және майлы дақылдар екті. Науқан басында шаруашылық құрылым басшылары егіс алқаптарының көлеміне сәйкес жоспарлап, аудан бойынша барлығы 151 мың гектар жерге дәнді, майлы дақылдар, картоп, көкөніс және мал азығы тұқымдарын сеуіп, жоспарланған уақытта аяқтады. Атап айтатын болсақ, 116 885 гектар жерге дәнді дақылдар, 12 243 гектар жерге майлы дақылдар және 21 067 гектар жерге мал азығы тұқымдары себілді. 1657 гектар жерге картоп және көкөніс тұқымдары егілді. Көктемгі далалық егіс жұмыстарына мемлекет тарапынан да жеңілдіктер қарастырылып, арзандатылған бағамен дизель отыны қарастырылды. Шаруашылықтардан 1 400 тонна дизель отынына сұраныс түсіп, «Лидер» және «БатысЖер» жанар-жағар май құю станцияларынан тасымалданып алынды. Сондай-ақ, тағы бір айта кететін жайт, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы техникалары паркін жаңалауға 5% жеңілдетілген лизингтік бағдарламалары қарастырылған. Аталған бағдарлама «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы жүзеге асырылады. Және де жердің құнарлылығын арттыру мақсатында пайдаланылатын тыңайтқыштарға да мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, сатып алынған тыңайтқыштар отандық өнім болса 60%, шетелдік өнімдерге 50 пайыздық жеңілдіктер төленеді,-дейді бөлім басшысы.
Расында, биылғы жылдың көктем мезгілі уақытымен келді. Күн жылып, жердің тоңы жібіген кезде басталатын жыл сайынғы көктемгі дала жұмыстары ауданымызда биыл қарқынды бастау алды. Алайда, барлығымызға белгілі, қыс мезгілінде ылғалдың мол түсуіне байланысты, өзен көлдерде су деңгейі көтеріліп, су тасқындары орын алып, салқын ауа-райы түсіп, егіс жұмыстарына кедергілер келтірсе де, ауданымыздың жергілікті диханшылары қиындықтарға қарамастан егіс алқаптарында жұмыстарды дер кезінде қолға алды. Енді диқаншылар да алдағы науқаннан мол несібе күтуде.
Гүлжазира МЫРЗАБЕКОВА